Өскеменнің іргесінде қандастарымыз көптеп қоныстанған Шығыс ауылының бүгінгі көрінісі көңілге кірбің салатындай. Ауыл ішіндегі жолдардың сапасы сын көтермей, көлігі бар тұрғындардың ығырын шығарған. Ауыл тұрғындарының өтініштерін естіген газет редакциясы қала әкімдігіне сұраухат жіберіп, мәселенің мән-жайын біліп көрді.
Спорттық алаң салынбайды
Жаңа Явленка ауылы маңындағы үйлердің кескін-келбеті өзгере бастаған. Бірнеше мекеменің алдындағы құрылыс нысанының пошымы кеткен. Ауыл ішімен жүргенде тасжолдар бойында балалардың ойнап, алаңсыз жүргендіктерін байқау қиын емес. Неліктен десеңіздер, олардың басқа ойнайтын жері жоқ. Салынған спорттық алаңдардың тозығы жетіп, темірі таттанған. Әткеншектер болса сынып, құлаудың аз-ақ алдында. Аталған нысанның неше жыл жөндеу көрмегені белгісіз. Қала әкімдігіне жіберген сұраухат жауабында «Өскемен қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ 2019 жылғы 22 шілдедегі №59 (2163) хатыңызға келесіні хабарлаймын: Ағымдағы жылы «Нұрлы көш» ауылына балаларға арналған спорттық алаңдар салу жоспарланбаған» деп жазылған. Қазір 1-11 сынып аралығында 615 оқушы білім алуда. Демек Абай атындағы №33 орта мектебінде оқитын балақайларға жуық арада заманауи спорттық алаңда армансыз ойнауға мүмкіндік жоқ деген сөз.
Қоғамдық көлікпен қатынаудағы қиындық
Әкімдік берген мәліметке сүйенсек, аталған ауылда «Жұмыспен қамту – 2020» «Жол картасы» бағдарламасы аясында 751 адам тіркелген. Басым көпшілігі қалаға №256 шағын автобусымен қатынайтындықтарын жеткізді. Сонда жол машақатына осы көлікпен қатынау қиындығы да қосылып отыр.
– Кейде осы шағын автобустың өзі асықпай келеді. Жарты сағаттап күтіп тұрамыз. Талай адам күнкөріс қамымен қалаға қатынайды. Сарғая күткен көлікке қысылып-қымтырылып кірем дегенше, сыймай қалып келесісін күтуге мәжбүрміз. Ал №71 автобус ауылға жете бере тоқтайды. Діттеген жерге дәл уақытында жете алмай жүргендер жетерлік, – дейді Асқар Үмітбек (аты-жөні өзгертілген).
Бізге белгілі болғаны, қала мен екі ортаға қатынауды жеңілдетуге қосымша автобус бөлінбейді. Тек жоспарланған оңтайландыру аясында қолданыс кестелері мен маршруттары өзгеруі мүмкін. Есесіне жуық арада жол мәселесі бір шешімін таппақ. Әкімдік берген жауапта жол жөндеуге осы жылы 120 млн. теңге қаржы бөлінгендігі жазылған. Нақтырақ айтсақ, жалпы ауданы 34000 шаршы метрге жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бірінші кезекте елдімекеннің орталық көшелеріндегі шұңқырлар жөндеуден өтпек. «Қаражат қалған жағдайда жұмыстар өтпе жолда да жүргізілетін болады» делінген.
Алайда Шығыс кентіне кіреберістегі арканың не себепті орнатылғаны белгісіз. Негізгі жолдан оң жақтағы тасжолға бұрыла бергенде ауылдың аты жазылмаған арканың бос тұрғанына бір жылдан асыпты. Бұл ғана емес, ауылдан шығар тұстағы аялдаманың да сыйқы қашқан.
Әділхан БОЛАТХАНҰЛЫ