«Шығыс» халықаралық байқаудан екінші жыл қатарынан гран-примен оралды

860
көрілім

Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлдесі үшін дәстүрге айналған әскери оркестрлердің «Әскери керней» фестивалінде «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі гранпри жүлдесін ұтып алды. Естеріңізге сала кетейік, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі  өткен жылы да халықаралық байқаудан гранпри иегері атанған еді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің бастығы Бағдат Амангелдіге сілтеме жасап.

         Алтыншы жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған халықаралық фестиваль Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының 25 жылдығына арналды.

Биылғы халықаралық байқауға іріктеу сындарынан сүрінбей өткен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Әскери институтытың әскери оркестрі, «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының әскери оркестрлері қатысты.

Фестивальдің ашылу салтанатында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Альберт Маткаримов қонақтар мен байқау қатысушыларын құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ, Астана қаласы әкімдігі үрмелі аспаптар оркестрінің дирижері Әкім Мухатжанов, 5513 әскери бөлімі оркестрінің солисі Орынбасар Нұржалғас, Ресей федерациясы Ұлттық ұланының әскери-оркестрлік қызметінің бастығы полковник Владимир Васяк, Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бас басқармасының бастығы полковник Қанат Беляков, 5573 әскери бөлімінің командирі полковник Сакентай Шекарбеков және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы үлгілік-көрсетімді оркестрінің көркемдік жетекшісі запастағы полковник Петр Снаговский де ақжарма тілектерін жеткізді. Қазылар алқасы байқауға қатысушылардың өнерін ұжымдық ауызбіршілігі, композициялар репертуары, актерлік шеберлігі, регламентті сақтауы, саптық жүрісі сынды критерийлер бойынша бағалады.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Астана қаласындағы «Қазақстан» спорт сарайында «Әскери керней» фестивалінің қорытынды кезеңінде өткізілді.Үздік шыққан оркестр ұжымдарына бағалы сыйлықтар мен дипломдар салатантты түрде табыс етілді. Сонымен бірге фестивальдің ақтық өнер кешіне Мемлекеттік күзет қызметінің (Президенттік оркестр) әскери оркестрі мен құрмет қарауыл ротасы, ҰҚК Шекара қызметінің бірлескен оркестрі және ҚР Қорғаныс министрлігінің Орталық оркестрі қатысты. Өнер додасының көркін шет елдерден келген Ресей Федерациясы Ұлттық ұланы әскері Орал округы штабының әскери оркестрі мен Қытай Халық Республикасы Халықтық қарулы полициясының оркестрі қыздырды.

Отансүйгіштік пен ұрпақтар сабақтастығы рухында өрілген Плац-концерт «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі іс-шаралары аясында өткізіліп, ондағы классикалық, халықтық және эстрадалық музыкалық туындылармен қатар, жауынгерлік парад-дефиле, әскери-қызметшілердің қару-жарақпен көрсетілетін танымдық көрсетілімдері Астана жұртшылығы мен қонақтары үшін есте қаларлықтай жарқын көрсетілім болды.

Іс-шараға еліміздің ІІМ мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының жетекшілері қатысады. Сондай-ақ, қонақ ретінде Парламент депутаттары, күш құрылымдарының бірінші жетекшілері, қоғамдық ұйымдар, «Нұр Отан» партиясы, ЖОО-ның өкілдері, ардагерлер мен қала тұрғындары шақырылған болатын.