Германияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Тило Клиннер Шығыс Қазақстанға келді. Сапар барысында Шығыс аймақтың әлеуеті мен экономикалық ынтымақтастықты жолға қою мәселесі талқыланды.
Тило Клиннер мен кәсіпкерлер тобына Шығыс Қазақстанның инвестициялық орталығы таныстырылды. Сонымен қатар делегация «Казцинк» ЖШС мен УМЗ-да да болды. Одан кейін облыс әкімі Даниал Ахметовпен кездесті.
- Бүгін сіздер ынтымақтастықтың ықтимал бағыттары туралы толық ақпарат алды деп үміттенемін. Біз бірлескен жұмыс пен жұмыс тобын құру туралы талқыладық. Сондықтан ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және туризм саласындағы ынтымақтастық туралы ұсыныспен хат жібердік, - деді аймақ басшысы.
Тило Клиннер неміс компаниясының филиалы болып табылатын және IT саласында жұмыс істейтін SAP Kazakhstan компаниясы, «Казцинк» ЖШС және «Азия Авто» АҚ арасында екі меморандумға қол қойғанын атап өтті. «Азия Авто» АҚ-мен жасалған келісімшартта Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ базасында құзыреттілік орталығының ашылуы да қарастырылған. Сонымен қатар фабрикалардың қалдықтарын өңдеу саласы да талқыланды.
- Соңғы хатымда осы саладағы сарапшылардың білім алу мүмкіндігі туралы айттым. Фридберг қаласындағы университет осы мәселемен айналысады. Болашақта Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ университетімен бірлескен жұмыс жасайтын боламыз. Сіздердің Президенттеріңіз Қасым Жомарт Тоқаевтың Берлинге сапары барысында біз байыту қондырғыларындағы қалдықтарды қайта өңдеу туралы неғұрлым белсенді түрде сөйлесетін боламыз, сондай-ақ жұмыс тұжырымдамасын әзірлейміз, - деді Тило Клиннер.