Шығыс Қазақстан облыстық мешітінде «Халифа Алтай» атауы жазылған тақта ашылды

956
көрілім
Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық мешітінде «Халифа Алтай» атауы жазылған тақтаның ашылуы рәсімі өтті. Салтанатты шараға қатысқан Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы шығысқазақстандықтарды мешіттің ресми түрде «Халифа Алтай» аталуымен құттықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Тақтаны салтанатты түрде Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы ашты.

Бүгін ақ түйенің қарыны жарылған қуанышты күн. Тарихи күн деп айтса да болады. Еліміз егемендік алғанда қазақ халқына ең бірінші Құранның аудармасын ұсынған – Халифа Алтай еді. Сол арқылы қаншама адам өзінің дінімен қауышты. Кеңестік кезде көптеген адам діннен алыстап қалған еді. Сол ақсақалдарымыз, жастарымыз Халифа Алтайдың кітабымен намазға бет бұра бастады. Қаншама адам Халифа Алтай атамыздың Құранның қазақ тіліндегі аудармасын оқып, тәлім алды. Біздің елде ол тұста үлкен діни қайраткерлер өте аз еді. Сондықтан, Халифа Алтай атамыздың қазақ халқына сіңірген еңбегі өте зор деп айтуға болады. Қайраткердің 100 жылдығына орай, сәулеті жарасқан Шығыстағы мешітке Халифа Алтай атамыздың аты берілді. Бұл да болса сол атамызға деген өскелең ұрпақтың құрметі. Атамыз, Алла разы болсын, сонау қиырда жүріп еңбек еткен адам. Жылына қаншама мешіттер салынып жатыр. Осының бәрі Егемендігіміздің арқасы. Аллаға мың да бір шүкір. Егемендігіміз мәңгілік болсын, – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Аян Өрібаев