Тәуелсіздік жылдарында мемлекетімізде өңірлердің әлеуметтік әл-ауқаты мен ел экономикасына басымдық берілді. Бүгінде Егемендіктің мерейлі 30 жылдығы қарсаңында біз өткенімізді саралап, жеткен жетістік, бағындырған белестерімізді бағамдай аламыз.
Тәуелсіздік таңы атқан тұста Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана шешімдері жас мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын қалыптастырудың негізін қамтамасыз етті. Бұл тұрақты және серпінді дамып келе жатқан экономикасы, егемен тарихы бар жаңа Қазақстанды құруға мүмкіндік берді.
Жаһандық өзгерістер, қаржылық және экономикалық дағдарыстар, коронавирус пандемиясымен күрес жағдайында Қазақстан тұрақтылықты сақтау үшін жеткілікті қоры бар екенін көрсетті. Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық сақталып қана қоймай, оның даму көрсеткіштерінің өсу қарқыны артты.
Статистикалық деректерге сәйкес, жыл басынан бері өңірде өнеркәсіп өнімдерінің көлемі – 105,2%-ға, ауыл шаруашылығы – 105,2%-ға, инвестициялар – 105,0%-ға, құрылыс жұмыстары 106,2%-ға артты. Бұл мемлекеттік бюджетке түсетін түсімді 138%-ға (105,2 миллиард теңгеге), оның ішінде жергілікті бюджетке түсетін түсімді 136%-ға (42 миллиард теңгеге) ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Экономикалық көрсеткіштермен қатар азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелер де орындалып жатыр, ең бастысы қоғамдық-саяси тұрақтылық сақталып келеді. Бұл үдерісте «Nur Otan» партиясының қызметі маңызды рөл атқарады. Табысты жұмыстың үлкен бір бөлігі – тұтас республика, әрбір облыс, қалалар мен аудандар үшін жеке-жеке, жергілікті жерлердегі проблемалық мәселелер нақты көрсетіле отырып әзірленген «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы.
Бағдарламаның негізін жеті басым бағыт құрайды: экономикалық тұрақты өңір, өмір сүруге қолайлы өңір, әлеуметтік бағдарланған өңір, жастарға арналған өңір, тарихы мен мәдениеті бай өңір, ашық және есеп беретін жергілікті органдар, қауіпсіз өңір. Сайлауалды бағдарламада 1 455 іс-шараны іске асыру көзделген, оларды бақылау үшін нақты индикаторлар айқындалған.
ӨНЕРКӘСІБІ ӨРГЕ БАСҚАН ӨҢІР
Өндірісті ұлғайтудың маңызды құралы – Кәсіпкерлікті қолдау картасы. Оның шеңберінде 2010 жылдан бастап 2,3 триллион теңгеге 93 жоба іске асырылуда және облыс бойынша 21 мың жұмыс орнын құруды көздейді. Бүгінде 768,9 миллиард теңгеге 55 нысан пайдалануға берілді, 9 мың жұмыс орны құрылды. Биыл өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен және энергетика салаларында 3 мыңнан астам жұмыс орнын құру арқылы 471,4 миллиард теңгеге 15 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде бес жоба іске асырылып, 1 100 жұмыс орны ашылды.
Осы жылдың 1 қазанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ақтоғай КБК-де құны 396 миллиард теңгені құрайтын жаңа кен байыту фабрикасы іске қосылды. Нәтижесінде, 700 тұрақты жұмыс орны құрылды. Кәсіпорын катодты мыстың өңдеу қуатын жылына 25-тен 50 миллион тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр. Семей қаласында Qazaq-Astyq Group ЖШС-ның қуаты 300 мың тонна шикізат болатын май экстракциялық зауыты пайдалануға берілді. Жобаның құны – 7,9 миллиард теңге, 240 жұмыс орны ашылды. Өскеменде наубайхана пайдалануға берілсе, Зайсан ауданында артезиан ауызсуы мен алкогольсіз газдалған сусындар өндірісі жұмысын бастады. Жыл соңына дейін қосымша 2,3 мың жұмыс орнын құра отырып, 65,8 миллиард теңгеге тағы 11 жоба іске асырылатын болады.
Ауқымды жобалардың бірі – 320 жұмыс орнын құруды көздейтін, құны 37 миллиард теңгеге жоспарланған «Қазмырыш» ЖШС. Мұнда Долин-Обручев кенішінің өнімділігін арттыру (1-кезең) және Rail-Veyor көлік жүйесін іске қосу жоспарланған.
Экономиканың өсуі халықты әлеуметтік қолдау бойынша қабылданған шаралармен үйлесім тауып, еңбек нарығында тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік берді.
«Жұмыспен қамтудың Жол картасына» енгізілген жобаларды іске асыру жалғасады. Жалпы сомасы 22,3 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде 676 жұмыс орнын құруды көздейтін құны 9 миллиард теңгеге жоспарланған 9 инфрақұрылымдық жоба бар. Жыл басынан бері 26,5 мың жұмыс орны құрылды, оның ішінде тұрақты жұмыс орны – 12,1 мың орын. Жыл соңына дейін қосымша 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Жұмыссыздық деңгейі 4,8%-дан асқан жоқ (ҚР бойынша – 4,9%). Орташа айлық жалақы 18%-ға өсіп, 216 мың теңгені құрады. Биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 10 мыңға жуық шығыс жастары жұмыспен қамтылды. Бұл жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткішін 3,4% деңгейінде сақтауға мүмкіндік берді.
Шығыс Қазақстан облысында халықтың 37,3%-ы немесе 506 мыңнан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Цифрландыруды, өнімді өндіру мен қайта өңдеуде заманауи технологияларды енгізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен қарқынды дамып келеді. Негізгі мақсат – «Егістіктен сөреге дейін» сапалы табиғи өнімдермен қамтамасыз ету. Биыл ауыл шаруашылығын қолдауға және дамытуға 27,8 миллиард теңге, оның ішінде 24,7 миллиард теңге субсидия бөлінді.
Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 127,6%-ға артып, 666,3 миллиард теңгені құрады. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар 170% өсіммен 44,5 миллиард теңгеден асты.
Агроөнеркәсіптік кешенде 174 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Мал шаруашылығы табысты дамуда. 92 бордақылау алаңы, 69 сүт-тауар фермасы жұмыс істейді. Шемонаиха ауданында «Рулиха» ЖШС-мен қуаттылығы жылына 3 мың тонна сүт болатын 600 мал басына арналған сүт-тауар фермасының құрылысы аяқталды. Кәсіпорын мал басын одан әрі 1 080 басқа дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Экспорттық әлеуетті арттыру және ет өнімдерін қайта өңдеу мақсатында осы жылы қосымша 6 мың басқа арналған үш бордақылау алаңын салу жоспарланған. Ұлан ауданындағы «Көкжал» шаруашылық қожалығында 5 мың басқа арналған бордақылау алаңының құрылысы аяқталды. Суармалы жерлерді кеңейту мақсатында 2,8 миллиард теңгеге суару жүйелерінің құрылысын салу бойынша бес инвестициялық жоба іске асырылды (UrdzharAgroCompany ЖШС, «Елімай Көкпекті» ЖШС, «Агрофирма Приречное» ЖШС, «Украинка» ЖШС, «Қалиқанұлы» ШҚ). Нәтижесінде, қосымша 795 гектар суармалы жер пайдалануға берілді, алдағы жылы оларды 1 563 гектарға ұлғайту жоспарланған. Жалпы, азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру мақсатында облыста нақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Шағын және орта ауыл шаруашылығы құрылымдарында делдалсыз саудаға қолжетімділікті қамтамасыз ететін «Алта» көтерме-тарату орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр (құны 10 миллиард теңге, аяқталу мерзімі 2023 жыл). Кәсіпкерлерге ұн, қант, жұмыртқа, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат бағаларын тұрақтандыру үшін жеңілдікті қарыздар берілді.
Ауыл шаруашылығында үш мыңға жуық тауар өндірушілер, сауда сатушылар мен сауда өкілдері ең төменгі 7% сауда үстемесін қолдану туралы меморандумдарға қол қойды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің 986 жәрмеңкесі өткізілді.
КӘСІПКЕРЛІК ПЕН ТУРИЗМ
«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында шағын және орта бизнеске назар аударылған. Осы жылы «Бизнестің Жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 35,6 миллиард теңгеге 1 188 жоба субсидияланды, 10,7 миллиард теңгеге 573 жоба кепілдендірілді, 265,6 миллион теңгеге 55 грант берілді. Кәсіпкерлердің ауқымды жобаларын іске асыру үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен бірлесіп, «Ақ Ниет» ШОК субъектілерінің жобаларын жеңілдікті қаржыландырудың өңірлік бағдарламасы іске асырылып келеді. Жыл басынан бері 89 жоба бойынша 35 кәсіпкерге, жалпы сомасы 1,7 миллион теңгеге несие ұсынылды. Импортты алмастыру өндірісін кеңейту үшін «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша 45,4 миллиард теңгеге 272 жоба қаржыландырылды, 43,2 миллиард теңгеге 206 жоба субсидияланды. Қаржылық емес қолдау шаралары шеңберінде «Бастау-Бизнес» компоненті бойынша бизнес жүргізу негіздеріне 1 944 адам оқытылды. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында шағын қалалар мен ауылдарда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 2,7 миллиард теңгеге 678 шағын несие берілді.
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша 300-ден астам жастар кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. «Еңбек» бағдарламасы аясында 400 жас жалпы сомасы 233 миллион теңгеге грант алды, жыл соңына дейін жастардың бизнес бастамаларын қолдау үшін қосымша сомасы 105 миллион теңгеге 181 грант берілетін болады. Гранттық қолдаудан басқа 29 жасқа дейінгі 50-ден астам адам 259 миллион теңге сомаға несиемен қамтамасыз етілген.
Кешенді мемлекеттік қолдаудың арқасында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 8,7%-ға, өндіріс көлемі 25,3%-ға артты. Кәсіпкерлік объектілеріне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту бойынша 17 жоба іске асырылып жатыр, олардың 10-ы жыл соңына дейін іске қосылатын болады.
Өңірде туризм саласына ерекше көңіл бөлінеді. Туризмнің емдік-сауықтыру, қысқы, киелі, ауылдық, экологиялық, этнографиялық және гастрономиялық түрлері дамып келеді. Туристерді орналастыру орындарының санын ұлғайту, курорттық аймақтардағы демалыс базаларын, тарихи және киелі сәулет орындарын абаттандыру, туристік маршруттар санын ұлғайту және көрсетілетін қызметтер тізбесін кеңейту есебінен туристер ағынының жыл сайын кемінде 3 пайызға өсуі күтілуде. Үржар ауданындағы Алакөл жағалауында сауықтыру және жағажай туризмі қарқынды дамып келеді. Биыл 962 төсек-орындық 19 жаңа демалыс базасы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 800 төсек-орынға арналған 5 демалыс үйінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Катонқарағай ауданында санаторлық-курорттық емдеу қызметін кеңейту мақсатында 130 төсек-орынға арналған қонақүйлердің құрылысы аяқталды. Киелі жерлерге байланысты туризм де маңызды рөл атқарады. Бүгінде тарихи орындарға баратын 27 туристік маршрут әзірленді: «Жидебай-Бөрілі» Абай кесенелері, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу, қасиетті Қоңыр әулие үңгірі және «Алтай табиғатының кереметтері» Катонқарағай табиғи қорығы, «Ақ бауыр» шатқалы және тағы басқалар. Технотуризм саласы да дамып келеді. Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталыққа барғысы келетіндер саны өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға артып, 1 396 адамға жетті.
ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ИГІЛІГІ
Облыстың дамуында сапалы жол-көлік логистикасы ерекше маңызға ие. Осы жылы Өскемен қаласындағы, ал 2022 жылдың бірінші жартысында Үржар ауылындағы ұшу-қону жолағын қайта жаңарту жұмыстары аяқталады. Алдағы уақытта Зайсан қаласындағы әуежайды қайта жаңарту жоспарланған. Инфрақұрылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір салу, Семей қаласында автожол көпірін салу сияқты жалпы инвестиция көлемі 218 миллиард теңгені құрайтын ауқымды жобалар іске асырылатын болады. Қомақты қаражат республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын, сондай-ақ елді мекендер жолдарын дамытуға, оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында шалғай ауылдардағы көшелерді жөндеуге бағытталмақ.
2020 жылы жол инфрақұрылымына 86 миллиард теңге, биыл 57,5 миллиард теңге бөлінді. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі жыл соңына қарай 89%-ды құрайды (2020 жылы – 85%). Биыл 413 шақырым жол жөнделді (оның ішінде ауылішілік жол – 213 шақырым).
Облыста әлеуметтік саладағы басым бағыттың бірі – халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету. Осы жылы 55,1 миллиард теңгеге 63 жоба іске асырылатын болады, оның 48-ін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Шағын ауылдарды ауызсумен барынша қамту мақсатында 52 блок-модульді су тазарту және тарату стансалары орнатылады. Нәтижесінде, ауыл халқын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жыл соңына дейін 83,2%-дан 92,2%-ға дейін артады. 2025 жылға дейін облыстың барлық тұрғындары сапалы ауызсумен қамтамасыз етілетін болады. Қосымша 154 ауыл немесе 97,7 мың адам ауызсуға қол жеткізеді.
2,5 шақырым жылумен жабдықтау және 250 шақырым электрмен жабдықтау желілеріне күрделі жөндеу және реконструкциялау жүргізілуде. Халықтың өмір сүру сапасының маңызды факторы тұрғын үймен қамтамасыз ету болса, қазір өңірде 280 миллиард теңгеге 1,4 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып жатыр. Осы жылы 647 мың шаршы метрді пайдалануға беру жоспарланған. 4 мыңға жуық отбасы қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Жеке инвестицияларды тарту есебінен құрылыс салушылар 104 миллиард теңгеге 86 коммерциялық үйдің (450,6 мың шаршы метр) құрылысын жүргізуде. Инвесторларға инженерлік инфрақұрылымы бар жобалар мен жер телімдері ұсынылды.
«Бірқабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қаражат есебінен жеке тұрғын үй құрылысы аудандарына инженерлік коммуникациялар жүргізіледі. Сондай-ақ осы жылы жеке тұрғын үй құрылысының қарқыны артты, жеке инвесторлар 15,4 миллиард теңгеге 744 бірқабатты үй салып жатыр.
Еуропа қайта құру және даму банкімен бірлесіп Өскемен және Семей қалаларында 4,8 миллиард теңгеге көшелерді жарықтандыру жүйесін жаңғырту жобалары іске асырылып жатыр. 16,7 мың шам ауыстырылды, биылғы жылдың соңына дейін тағы 3,8 мың жарық нүктелері жаңартылады. Осындай жұмыстарды барлық аудан орталығында жүргізу жоспарланған.
Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында Өскемен ЖЭО-да азот оксидтерінің қалдықтарын азайту бойынша жоба іске асты. Риддерде «Эталон» фирмасы қалдықтарды кәдеге жаратудың жаңа технологиялары бойынша ішінара қайта өңдейтін қоқыс сұрыптау желісін іске қосты. Күн сайын 70 тоннаға жуық қалдық сұрыпталады. Облыс орталығында қоқысты қайта өңдеу кешенінің құрылысы іске асырылу сатысында.
ДӘРІГЕРЛЕР ШЕТЕЛДЕ БІЛІМ АЛАДЫ
«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес шетелдің жетекші клиникаларында онкология, кардиология және кардиохирургия, инсульт орталықтары, нейрохирургия, медициналық оңалту, акушерлік және гинекология сияқты басым бағыттар бойынша медициналық кадрларды оқыту жалғасады.
Осы жылдың қыркүйек айынан бастап 60 маман шетел, яғни Израиль, Польша, Ресейдің (Татарстан) жетекші клиникаларында оқып жатыр. Ауруларды бастапқы кезеңде анықтау үшін жыл басынан бері скринингтермен 449,4 мың адам қамтылып, 220 телемедициналық консультация өткізілді. Семей қаласында Ядролық медицина орталығы пайдалануға берілді. Облыс орталығындағы реанимация, маммология және гинекология, онкология және хирургия бөлімшелерінің операциялық блогы жаңғыртылды. Қабанбай ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталуда. Жеті медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жылдың басынан бастап емханаларда 6,7 миллион келушілер тіркеліп, стационарларда емделген жағдайлар саны 193,8 мың адамға жетті. Облыстың медициналық ұйымдарында дәрі-дәрмектердің жеткілікті қоры бар.
Өңірдің барлық мектебінде бағдарламалау саласындағы білімді жетілдіру мақсатында халықаралық стандарт бойынша мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне ІТ-құзыреттіліктер бойынша тереңдетілген бағдарлама енгізілуде. Мәселен, 3D-модельдеу, бағдарламалау және робототехника.
Сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасына сәйкес, облыстың 250 мектебі жаңа модификация кабинеттерімен жабдықталған. 221 білім беру нысанына, оның ішінде шекарамен шектес аудандардағы 25 мектепке күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы жылдың сәуір айынан бастап құжаттарды қабылдаудың электронды жүйесі іске қосылды. Бұл жүйе арқылы барлығы 20 930 оқушы бірінші сыныпқа қабылданған.
«Жас маман» жобасы бойынша базалық колледждер жанынан алты біліктілік орталығы ашылды. Онда кез келген оқу орындарының студенттері жаңа құрал-жабдықпен өндірістік тәжірибеден өте алады. Жыл соңына дейін тағы 5 орталық ашылады. Бұл орталықтарда өндірістік тәжірибеден өткен студенттер саны 3 мың адамды құрады.
Елбасының бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру аясында студент жастардың тұрмыс жағдайын жақсарту мәселелері шешілуде. Колледждер үшін жоспарланған 7 жатақхананың 5-і пайдалануға беріліп (1 520 орындық), екеуінің (488 орындық) құрылысы жүргізіліп жатыр.
«Білікті маман» жобасы аясында 410 гранттық орын бөлініп, соңғы бес жылда түлектердің шетелдің жоғары оқу орындарына кетуі бес есеге қысқарды.
Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін әлеуметтік қызметтердің бірыңғай порталы енгізілді. Кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында әлеуметтік инфрақұрылымды бейімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 258 нысан бейімделетін болады.
Сайлауалды бағдарламаға сәйкес, спорттық инфрақұрылымды кеңейту жұмыстары жалғасады. Өткен жылы 6 ірі жаңа спорт нысаны (4 ДСК, 2 жүзу бассейні) пайдалануға берілді. Осы жылы 14 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде (үстел теннисі орталығы, 11 ДСК және 2 спорт модулі – негізінен қазіргі және бұрынғы облыс орталықтарында, шекара маңындағы ауылдарда). Сонымен қатар облыстың барлық қаласы мен ауданында шағын спорт алаңдары, стрит-воркаут алаңдары, хоккей корттары орнатылып жатыр.
ТАРИХЫ ТЕРЕҢНЕН ТАМЫР ТАРТҚАН АЙМАҚ
Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің алдағы кезеңіне арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының басым мақсаттары белгіленген. Елдің тарихи мұрасы мен мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға маңызды рөл берілген.
2016 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысында археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы бағдарламаның арқасында Қазақстанның жетекші археологтері Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаевтың жетекшілігімен Шығыс Қазақстанның бірегей археологиялық ескерткіштері – Берел, Елеке Сазы, Шілікті, Көкентау зерттелді. Жұмыс нәтижелері бойынша қола, ерте темір, ерте және кейінгі орта ғасыр кезеңдерін сипаттайтын құнды артефактілер анықталды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры 22,5 мыңнан астам жәдігермен толықтырылды. Зерттеу нәтижелері бүкіл Еуразия кеңістігіндегі ғылыми қоғамдастықтарда мойындалды.
2021 жылғы 27 қыркүйек пен 2022 жылғы 27 қаңтар аралығында Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі Кембридж университетінің Fitzwilliam мұражайында «Ұлы дала алтыны» атты көрме келушілер назарына ұсынылады. Көрмеге ата-бабаларымыздың мәдени және археологиялық жетістіктерін сипаттайтын алтыннан жасалған 15 мыңнан астам артефакт қойылған. Бұл көрме қалың жұртшылық пен ғылыми қауымдастықты бірегей жәдігерлермен таныстырып қана қоймай, Қазақстан мен Ұлыбритания Корольдігі арасындағы мультимәдени алмасу тізбегінің бір буынына айналды. Осылайша, біз әлемдік қоғамдастық үшін Ұлы дала көшпенділері тарихының жаңа беттерін ашып келеміз, олар біздің ата-бабаларымыздың әлемдік өркениеттің қалыптасуына қандай үлкен үлес қосқанын көрсетеді.
2018 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Абай әлемі» кітап сериясы» жобасы іске асырылып жатыр. 52 мың данадан астам кітап жарыққа шығып, оның ішінде жергілікті авторлардың, сондай-ақ облыстың жас ақындары мен жазушыларының шығармалары да бар. Бұл кітаптар облыстың барлық кітапханасын толықтырды, ал электронды нұсқалары Қазақ ұлттық электронды кітапханасында (ҚазҰЭК) орналастырылды.
«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі облыстық Жол картасы аясында мәдениет нысандары құрылысының 7 жобасын іске асыруға 2 миллиард теңге бөлінді. Бүгінде 4 нысан пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы 3 мәдениет нысаны тапсырылады.
Облыс Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларының сабақтастығын сақтай отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында белгіленген міндеттерді табысты жүзеге асыруда деп сеніммен айтуға болады. Еліміздегі 30 жыл тұрақтылық пен табысты даму алдағы уақытта да мемлекетіміздің және азаматтардың мүдделеріне сай әрекет ете отырып, ұлттық мақсаттарға сенімді түрде қол жеткізуге, ұтымды шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдардың барлық ресурсы әлеуметтік міндеттерді шешуге және тиімді экономикасы мен заманауи инфрақұрылымы бар өңірде өмір сүруге қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
Даниал АХМЕТОВ,
«Nur Otan» партиясы
Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы,
Шығыс Қазақстан облысының әкімі
Дереккөз - Аikyn.kz