Естеріңізге салсақ, «Казцинк» компаниясы «Арман қала» акциясын жариялаған еді. Алтай, Риддер, Серебрянск және Өскемен тұрғындары өз қаласын дамыту бойынша ойларын ортаға ұсынды. Шығысқазақстандықтар соның ішіндегі ең өзектілерін таңдайтын болады, деп хабаралайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өңірдегі ірі тау-кен металлургия кәсіпорны жыл сайын қалаларға денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларын қолдауға қомақты қаржы бөледі. «Казцинк» бұл жолы маңызды бағыттарды таңдауға халықты тартуды жөн көрді. Жоба басталғалы қатысушылар қалалардағы өмір сүру жағдайын жақсарту, өркендету, қауіпсіз ету жайлы 500-ге жуық идея ұсынды. Олардың қатарында ауруханалар мен мектептерге қолдау көрсету, заманауи құрал-жабдықтар сатып алу, жол жөндеу, саябақтар құру, спорт нысандарын салу және т.б тақырыптар айтылды.
Ұйымдастырушылар әрбір өтінімді зерттеп, жобаларды желідегі парақшада жариялады. Акцияға ат салысамын десеңіз, өзіңізге ұнағанына «лайк» қою арқылы дауыс бере аласыз.