Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бес бастамасында әрбір отбасы үшін тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашты. Соңғы жылдары мұндай өзекті мәселелер шешімін табуда. Бүгінде жалпы елдегі және Шығыс Қазақстандағы құрылыс қарқыны таңдай қақтырады.
- Қазақстан үшін құрылыстың, әсіресе тұрғын үй құрылысының маңызы өте зор. Тұрғын үй құрылысы айналасында бизнестің үлкен көлемі дамып келеді. Ең бастысы, азаматтарымыздың, әсіресе жас отбасылардың армандары шындыққа айналуда, - деді Елбасы.
Тұрғын үй құрылысы саласының қарқынды дамуына жеңілдетілген несие беру бағдарламаларының іске қосылуы ықпал етті. Соның арқасында жас отбасылар бастапқы аз жарнаны құю арқылы баспаналы болу бақытына ие болуда.
Мәселен, тек Өскеменде соңғы бірнеше жылда көпқабатты үйлер салынып, жаңа шағын аудандар саны өсті.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде ШҚО-ның барлық қалалары мен аудан орталықтарында 8 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынған. Ал, 88 мыңнан астам бақытты отбасы қоныс тойын тойлады.