Шығыс Қазақстан облысының шаруалары депутатқа өз мәселелерін айтты

146
көрілім
Фотосурет ашық дерекккөзден
Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров өңірлерге жұмыс сапары аясында Шығыс Қазақстан облысына барды. Депутат шаруалармен кездесуде ауыл шаруашылығы бизнесін дамытудың түйткілді мәселелерін талқылады, деп хабарлайды  buqara.kz  сайтының тілшісі  Egemen.kz  сайтына сілтеме жасап.
 

Жиында Respublica партиясының төрағасы сайлаушылардан түсетін шағымдарды көтерді, соның ішінде шаруаларға субсидиялардың уақтылы төленбеуі. Өз кезегінде Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты.

Майлы дақылдар тәжірибе шаруашылығының бас директоры Фарид Әбітаев шығыс өңірі тұқым селекциясы хабына айналып, бүкіл Қазақстанды сапалы тұқыммен қамтамасыз ете алатынын атап өтті. Дегенмен бұл үшін субсидиялау жүйесін қайта қарау арқылы мал щаруашылығымен айналысып отырғандарды қолдау қажет.

«Восток-Молоко» корпорациясының бас директоры Сейілжан Сайлаубаев мал шаруашылығында қордаланып қалған мәселелерді көтерді. Бұл – малға бруцеллез ауруының таралуы, республикалық ветеринариялық зертханалар жұмысындағы мәселелер, жануарларды идентификациялау  мәселелері, мал қозғалысын бақылау қажеттілігі, ветеринариялық пункттерді қаржыландыру, ветеринариялық бақылау жүйесінің құрылымы. Кәсіпорын басшысы елге Ветеринария агенттігінің қажет екенін айтты.

Жиын барысында сөз алған Стандарттау және сертификаттау ұлттық орталығы облыстық филиалының басшысы Майра Садықова орталық зертханаларын заманауи зерттеулерді жылдам жүргізуге мүмкіндік беретін құрал-жабдықтармен жабдықтау қажеттігін ортаға салды. Меринос жүнінен тауар өндіретін «Біздікі» серіктестігі отандық тауарды ірі сауда желілері арқылы өткізу үшін сауда орнын қымбатқа жалға беру мәселесін де жеткізді.

«Өңірде мәселе көп. Соның бірі – жайылымның жоқтығы, жер берілгеннен кейін ереже қабылданған соң жерді қайтарып алу. Батыс Қазақстан облысында бүгінде шаруалар көтерген мұндай мәселелер іс жүзінде шешімін тапты. Біздің партия аяққа нық тұрған шағын бизнес еліміздің болашағы екенін жақсы түсінеді. Біз кәсіпкерлердің мүддесін қорғап жатырмыз», деп түйіндеді сөзін Айдарбек Қожаназаров.

Өңірлерде көтерілген мәселелерді Мәжілістегі партия фракциясы алдағы уақытта назарға алатынын айтты.