30 тамыз ҚР Конституциясы күніне орай Шығыс Қазақстан өнер музейі «Конституция – біздің ата заңымыз» атты мерекелік шара өткізді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Іс-шараның шымылдығы Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранымен түрілді.
- Бүгінгі шараның мақсаты - жастардың патриоттық сезімін ояту арқылы өрендерімізді отан сүйгіштікке баулу. Жастарға ата заңымыздың әр бөлімін бүге-шүгесіне дейін қайта түсіндірдік. Осы орайда «Гармония» тобына және «Әжелер ансамбліне» алғысым шексіз, - дейді өнер музейінің директоры Бекайым Ұябаева.
1995 жылы 30-тамызда өткізілген бүкілхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы - конституциялық заңдардың қағидаларын тұжырымдап, бір арнаға келтірген Ата Заң. Яғни мемлекетіміздің Негізгі Заңы. Ол кіріспеден және 9 бөлімнен 98 баптан тұрады.
Мерекелік іс-шара барысында көрермендерге музей қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы слайд көрсетілді. Одан кейін жиналған қауымға ата-заңымыз жайлы сұрақтар қойылып, ойындар ойнатылды. Шараның соңы мерекелік концертке ұласты.
Таунар ҚАЙРАТ