Шығыс Қазақстанда 123 елді мекенді су тасқынынан қорғау шаралары жүргізілуде

647
көрілім
Фотосурет - inform.kz сайтынан.

Шығыс Қазақстан облысында «2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою бойынша іс-шаралар кешені» Жол картасы жобасы әзірленді. Жоба аясында 123 іс-шараны жүзеге асыру көзделеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Болжанған жұмыстар облыстағы 17 аудан мен қаладағы 123 елді мекеннің қорғанысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Картада бөгеттерді салу, су қоймалары жағалауларын бекіту, өзендердің түбін тереңдету және арнасын түзеу, жағаларды қалыпқа келтіру, елді мекендердегі дренаж-кәріз жүйесін қалыпқа келтіру, көпірлер мен су өткізу құрылымдарына жөндеу жүргізу, республикалық немесе коммуналдық теңгерімдегі гидротехникалық құрылымдарды қалыпқа келтіру бойынша жұмыстарды орындау бойынша іс-шаралар кешені бар.

«Қазіргі таңда жергілікті бюджет есебінен 8 іс-шара орындалды. Мысалы су қоймасының түбін тереңдету жұмыстары Шемонаиха ауданындағы Уба өзенінде 4 жерде, Катонқарағай ауданындағы Солончовка өзенінде, сондай-ақ Ұлан ауданы Қосбұлақ өзенінде жүргізілді. Үржар ауданы Келдімұрат ауылындағы көпірге жеңіл жөндеу жұмыстары жасалып, Абай ауданындағы Құндызды өзенінің жағасы бекітілді. Орындалған шаралар су тасқыны кезінде шамамен 200 адам тұратын 8 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді», — делінген таратылған хабарламада.

Қалалар мен аудандар ішіндегі елді мекендерде өзен арналарын, арықтарды, су өткізу құбырларын тазалау бойынша іс-шаралар жүргізілуде.

Жол картасын іске асыру жұмыстары жалғасуда.