Шығыс Қазақстанда 20 102 отбасына АӘК тағайындалған

518
көрілім

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік жәрдемақы барлық көпбалалы отбасыларға беріледі. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасында бейне-конференцбайланыс режимінде заң жобасын талқылау бойынша отырыс өтті.

Басқарма басшысының орынбасары Ерболат Ошақбаев пен әлеуметтік төлемдер бойынша бөлімнің бас маманы Бұлбұл Құсманованың айтуынша, АӘК-ті төлеудің жаңа әдісі оның әділетті әрі шынайы болуы үшін енгізіледі. Көпбалалы жанұяларға мемлекет бала санына байланысты бөлек жәрдемақы төлейді. Оның мөлшері 10-11 мың теңгені құрап, 2018 жылы тоқтатылған жәрдемақыдан 4-7 есе көп болмақ. Төрт баласы бар отбасылар – 42 500 теңге, бес балалы – 53 125 теңге, алты баласы барлар – 63 750 теңге, жеті және одан көп балалары барларға 73 370 теңге беріледі. Әлеуметтік көмекті төлеген жағдайдың өзінде аз қамтылған санатына жатқызылса қосымша АӘК пен балаларға арналған әлеуметтік пакеті тағайындалады.

Қосымша кепілді әлеуметтік пакет аясында 1-6 жастағы балаларға тегін тағам, гигиеналық заттар мен білім саласы бойынша қызметтер, ал 6-8 жастағы оқушыларға мектептерде тегін ыстық тамақ, тегін жол жүру мен мектеп формасы және оқу құралдары қарастырылады.

– Қазірдің өзінде қалалар мен аудандар заң жобасына қатысты түсіндіру, ақпарат жұмыстарын өткізу қажет. Алдымен басшылардың өздері адамдармен жұмыс істеген кезде нақты түсіндіріп, жауап бере алатындай АӘК-тің жаңа қырларын білгендері жөн, – деп атап өтті ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Ошақбаев.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстанға АӘК төлемі үшін 11,4 млрд.теңге бөлінді. Жалпы 20 102 отбасына тағайындалған. Оның ішінде 6 414-і көпбалалы. Соған сәйкес 41 430 адам әлеуметтік көмекке қол жеткізсе, 28 954-і балаларға беріледі.