Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында 300 гектар аумақтағы шөп өртенді. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
«23 қыркүйек күні сағат 15:48-де өртке қарсы қызмет пультіне ШҚО, Көкпекті ауданының «Қойтас» учаскесінде құрғақ шөптің жанғаны туралы хабарлама келіп түсті. Өрттің аумағы - шамамен 45 га. Өрт дайындалған орамдағы 40 тонна шөпті күлге айналдырды», - дейді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Өрт орнына Төтенше жағдай департаментінен 6 қызметкер мен 2 техника, жергілікті атқарушы органдардан 12 қызметкер мен 3 техника барған.
«Сондай-ақ, кеше сағат 18:20-да ШҚО, Ұлан ауданындағы «Көкбуха» учаскесінде құрғақ шөп жанғаны туралы ақпарат келіп түсті. Таңғы сағат 08:00-ге дейін өрт аумағы шамамен 300 гектарға жеткен. Өртті сөндіруге ТЖД қызметкерлері мен «Орман шаруашылығы» КММ күші жұмылдырылды. Сағат 09:00-де «Орман қорғау» мемлекеттік мекемесінің тікұшағы оқиға орнына барды», - дейді ол.
Өрт сөндіру үшін қандай қосымша техникалар керек екені анықталуда. Өрттен ешкім зардап шеккен жоқ, сонымен қатар елді мекендерге де қауіп төнбеді. Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының айтуынша, өткен тәулікте елімізде 52 өрт, 34 апаттық-құтқару шарасы болып, 19 адам құтқарылған және 12 адам эвакуацияланған.