15 қыркүйектен бастап облыста алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымына еркін таңдау бойынша жыл сайынғы тіркелу науқаны өтуде. Емхананы таңдау 15 қарашаға дейін созылады.
Бұл тұрғындарға қазіргі жағдайға қанағаттанбаса, басқа емхнаны таңдауға немесе өз емханасында басқа учаскелік дәрігерді таңдауға мүмкіндік береді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры Нұрлан Қыдырбаев айтты.
-2022 жылы Қормен барлығы 27 жеткізуші шарт жасасты, оның 18-і мемлекеттік және 9-ы жеке меншік. Тіркеуге болатын емханалар тізімімен Қордың www.fms.kz сайтында, "емхананы таңдау" бөлімінде танысуға болады. Алғашқы медициналық-санитрлық көмекті ұйымдастыруға тіркелген пациентке төмендегідей медициналық көмектер, оның ішінде учаскелік дәрігердің қабылдауы, өзінің денсаулық жағдайын бақылау, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, скринингтік тексерулерден, диагностикалық зертханалық және аспаптық зерттеулерден өту, емдеуге жатқызу қол жетімді. Тіркеу науқаны кезінде емханасын ауыстырған пациентке таңдаған емхнада қызмет 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап көрсетілетінін атап өткім келеді. Өйткені емхана алдағы жылға МСАК қызметтерін көрсету үшін қормен шарт жасасуға тиіс, - деді Нұрлан Қыдырбаев.
Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының м. а. Айнаш Қапанова емханаға тіркелу бірнеше тәсілмен жүзеге асырылатынын хабарлады.
-Барлық ниет білдірушілер электрондық үкіметтің www.e.gov.kz. веб-порталы арқылы тіркеле алады, ол үшін ЭЦҚ болу керек. Халықтың жекелеген санаттары тікелей емханаға келіп, тіркелуіне болады. Ол үшін өтініш жазып, жеке басын куәландыратын құжатты көрсету қажет,-деп толықтырды Айнаш Қапанова.
Брифинг соңында Қырдырбаев ТМД елдерінен елімізге уақытша келген шетелдіктер өміріне қауіп төнсе немесе айналасындағылардың денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлар мен аурулар, жазатайым оқиғалар, улану, жарақаттар, босану және кезек күттірмейтін жағдайлар орын алса, ТМККК шеңберінде жедел және шұғыл медициналық көмек алуға құқығы бар екенін айтты. Науқастың өміріне немесе айналасындағылардың денсаулығына төнген қатер жойылған сәттен бастап одан әрі көмек ақылы көрсетіледі.
- Жоспарлы емдеуге жатқызу, тар мамандардың қабылдауы, қымбат тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылушы болу қажет. Сақтандыру мәртебесін Электрондық үкімет порталынан, Қор сайтынан және Telegram - да SaqtandyryBot, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 арқылы тексеруге болады, - деп түйіндеді Нұрлан Қыдырбаев.