Шығыс Қазақстанда биыл 392 шақырым жол жөнделмек

533
көрілім
Биыл облыстық, аудандық маңызы бар және елді мекендердің көшелеріндегі жолдарды жөндеуге бағытталған 97 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 392 шақырымды қамтитын 90 жоба аяқталады. Бұл туралы ШҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Нұрбек Тұраров мәлім етті. 
 
«Жалпы ұзындығы 392 шақырым жолды жөндеуге 20,4 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде «Өскемен-Алматы» тасжолы бағытындағы Жібек жолы көшесінің 5,3 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыстағы автокөлік жолдарының ұзындығы – 5265 шақырым. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар 1238 шақырымды, облыстық жолдар 1587 шақырымды, аудандық жолдар 2440 шақырымды құрайды», - дейді ол. 
Осы жылы облыстық маңызы бар жолдардың 186 шақырымына, аудандық маңызы бар жолдардың 72 шақырымына, елдімекен көшелерінің  134 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Облыстық және аудандық маңызы бар 242 шақырым жолға 7,7 млрд теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Негізгі жөндеу жұмыстары «Өскемен-Тарғын-Самар» (38 шақырым), «Күршім-Қалжыр» (30 шақырым), Сібе көлдері (25 шақырым), Жаңа Бұқтырма кентіне кіреберіс (2 шақырым), Ақжар ауылы (18 шақырым), «Зайсан-Шілікті» (27,5 шақырым), «Ақжар-Шілікті» (15 шақырым) бағыттары бойынша жүргізілуде. Сондай-ақ ірі елді мекендердегі кірме жолдар жасалады», - дейді ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары.
Бүгінгі таңда жоспарланған 392 шақырымдық жолдың 215 шақырымы жөнделді. Бұл жоспарланған жұмыстардың 55%-ын құрайды.
Көпірлерді реконструкциялауға 8 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы жалғасуда. Ол үшін республикалық бюджеттен қосымша 15 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды. Сондай-ақ Күршім ауылындағы Дінгек каналы арқылы өтетін көпірді жалпы құны 350,6 млн теңгеге жөндеу жұмыстары аяқталды.