Шығыс Қазақстанда биыл ауқымды жол құрылыстары басталады. Бұл туралы бүгін халықпен есептік кездесуін өткізген ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
– Шығыс Қазақстан облысында Семей-Қалбатау автожолының бір бөлігінің жаңғырту жұмыстары қашан аяқталады? Осыдан үш жыл бұрын Семей мен Қалбатау жолы пайдалануға берілген. Бірақ, бір учаскесі қалып, әлі аяқталған жоқ. Енді ол қашан аяқталады, – деп сұрады министрден Жарма аудандық мәслихатының депутаты Айгүл Сахметжанова.
Жеңіс Қасымбек Қалбатау мен Семейдің екі арасы 150 шақырым екендігін, оның 36 шақырымды құрайтын бір учаскесінде жөндеу жұмыстарының аяқталмағандығын мойындады.
– Ол учаскенің мердігері осы жылы анықталды. Енді алдағы үш жылдың ішінде ол құрылыс жұмыстар бітеді. Бірақ Қалбатаудан осы жылы үш бағытта жұмыстарды бастағалы отырмыз. Ол – Қалбатаудан Өскеменге, Қытай бағытында Майқапшағайға және Аягөз бен Талдықорғанға баратын жол. Жалпы Шығыс Қазақстан облысы бойынша үлкен-үлкен жол салу жұмыстары басталады, – деді министр.