Шығыс Қазақстан облысында бір жылда 100-ден астам көлік өртенді.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы өңір бойынша 100-ден астам көлік отқа оранған. Осы жылдың басынан бері үш автокөлік өртенді.
«Көлік өрттерінің 90%-ы электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан. Сондай-ақ электр жабдықтарының жағдайына байланысты, көлікке құйылатын сұйықтықтардың әсерінен жалын шығып жатады. Күн сайын автокөліктің бөлшектерін, әсіресе қозғалтқыш бөлігін мұқият тексеріп тұру керек», - делінген ақпаратта.
Егер бір жерден аздап май ағып кетсе, жанармайдың иісі сезілсе, бұл май немесе отын құбырының зақымданғанының белгісі болуы мүмкін.
Бұдан бөлек, автокөлік дөңгелегінің дискісіне немесе корпусына арнайы жарықтандырғышты, сәнді қосымша электр жабдықтарын, әр түрлі антирадарлар орнату – көлік өртенуіне әкеліп соғуы ықтимал.