Соңғы жылдары өңірімізде цифрландыру саласы оң қарқын алып, даму жолына түсті. Тұрғындардың өз талап-өтініштерін онлайн жіберіп, көп жұмысты сабылып жүрмей қашықтан бітіруге мүмкіндіктері туған. Денсаулық сақтау, білім салалары цифрланып, көшедегі, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бақылау камералары да орнатылуда.
Екі IT-орталық жұмыс істейді
Бүгінгі технология заманында цифрландыру саласы дамыса экономиканың ілгерілейтіндігі хақ. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс аумағында цифрлық жобалар барлық бағытта жүзеге асырылып келеді. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстанда екі IT-орталық жұмыс істеп тұр. Оның бірі жоғарғы политехникалық колледжінде, екіншісі электротехникалық колледжде орналасқан. Онда студенттер білім нәрімен сусындап, оқытушылар тәжірибеден өтуде.
ШҚО-дағы 648 мектепте IT-сынып бар. Аталмыш сыныптар тереңдетілген цифрлық бағдарлама бойынша іске қосылып, әлемдік стандарттарға сай жабдықталған. Жыл сайын облыстық чемпионаттар мен ІТ-хакатон ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, «Jastar time» инновациялық орталығы ашылды.
– COVID-19 пандемиясына байланысты қашықтан оқыту digitalkz.kz порталында жүзеге асырылды. Осы арқылы 21 мыңнан астам адам оқыған. Шалғайдағы елді мекен тұрғындары үшін 11 электронды қызмет көрсету орталығы ашылды. Ал осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін дәл осындай 3 орталық жұмысын бастамақ. Цифрлық оқытудың қортындысы бойынша электронды қызметтердің үлесі артқан. Халыққа көрсетілген қызмет 2019 жылмен салыстырғанда 6%-ға көбейді, – деп хабарлады ШҚО Ақпарат орталығы.
Өңірлік электронды қызмет көрсету орталығы бизнес саласы бойынша көрсетілетін 6 қызметтің мобильді нұсқасын іске қосты. Облыс бойынша 565 өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ашылды. Онда 476 мыңнан астам қызмет көрсетілді. КВИ пандемиясы кезінде ХҚКО қашықтан қызмет көрсетуге кіріскенде өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары арқылы 30 мыңнан астам электронды қызмет көрсетіліп, 2,5 мың цифрлық кілт жасалып, 746 адам мобильді азамат базасының қосымшасына тіркелді.
Бос жатқан жер аумақтарын көруге болады
ҚР Білім және ғылым министрлігі ҰББҚ-ның ішкі жүйесі бойынша қосымша 5 мемлекеттік қызметті автоматтандыру, 7 бизнес процесін оңтайландыру мен «Электронды үкімет» веб порталы арқылы 20 қызметті интеграциялау жоспарлануда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Ақылды қала» рейтингі бойынша Шығыс Қазақстан 12 орынды (45% жетістікпен) иеленді. 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы – 61%-ды құрап отыр.
– «Қаланы басқару» жобасы аясында ведомствоаралық бірыңғай ситуациялық орталық құрылып, кешенді ақпараттық жүйенің бірлесуіне және жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Осы жылдың 7 айында орталық қызметтері 150 мың қоңырау қабылдады. ТЖ кезінде ситуациялық орталық базасында рұқсат.кз порталы іске қосылып, автокөліктерге рұқсаттама беру өтініштері қабылданды. «Сергек-блокпост» мәліметтер базасы, «Сергек-патруль» мен интерактивті цифрлық карта іске қосылып, әлеуметтік нысандарға талдау жасалды. Рұқсаттама беру уақыты бір күннен 10 минутқа дейін қысқартылды, – делінген мәліметте.
Облыс әкімінің ситуациялық орталығында бірыңғай интеграциялық 11 сервис құрылды. Онда азаматтардың өтініштері қарастырылды. Нақты айтсақ, бүгінге дейін 45 мыңнан астам өтініш тіркелген.
Аймақта бос жатқан жер аумақтарын көруге арналған 24 цифрлық қабаттан тұратын геоақпараттық портал іске қосылды. Онда су нысандары, су қорғау аумақтары, инженерлік коммуникациялар және жер аумақтары көрсетілген. Порталда Өскемен, Семей, Риддер, Аягөз, Шемонаиха, Серебрянск, Зайсан, Алтай қалалары цифрландырылған. Электронды портал ашық қолданысқа берілген. Оны www.vkomap.kz сайты арқылы көруге болады.
Қылмыс 37%-ға азайған
Өскеменде фото-видеофиксациялау және видео сараптама жасау жобасы аясында 4 мыңға жуық Сергек камерасы іске қосылды. Камералар 159 қиылыс пен желілік учаскелерде орын алған заңбұзушылықтарды тіркеп отырады. Биыл аталмыш камералардың көмегімен 5092 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 84 қылмыстық іс қозғалды. Қоғамдық орындардағы қылмыс 37%-ға, қала көшелерінде 41%-ға, жол-көлік оғиғалары 36%-ға төмендеді. Кешенді талдаудың нәтижесінде азаматтардың сенімі артты.
ШҚО Ақпарат орталығының дерегінше, облыста медицина саласының 99%-ы денсаулық сақтаудың электронды паспортымен қамтамасыз етілген. Тұрғындардың 77%-ы мобильді қосымша арқылы көмекке жүгінеді. «DamuMed» платформасында қашықтан «Пациенттерді онлайн қабылдау» жүргізіледі. Цифрлық қызмет мониторингі облыстағы қалалар мен аудандарда да іске қосылды. Осы арқылы провизорлық және инфекциялық стационардағы жағдайды бақылап, ПЦР, КТ мен рентген бойынша жасалған зерттеу жұмыстарын қарауға болады.
Семейде электронды жолақы төлеу мақсатында «Avtobys» жүйесі іске қосылды. «Bus Report» бағдарламасы бойынша әрбір автобустың бағытын бақылауға болады. 2020 жылдың қазан айына дейін Өскемендегі қоғамдық көліктерде диспетчерлік ақпараттық модульдің көмегімен жолақы төлеуді автоматтандыру жоспарлануда. Цифрландыру бағытындағы жұмыстар үнемі бақылауға алынған.