Шығыс Қазақстан облысында 18 сәуірден бастап карантин енгілілмек, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл жайлы аймақ басшысы Даниал Ахметов өзінің Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
- Облыстық жедел штабтың шешімі бойынша 18 сәуір күні сағат 00.00-ден бастап ШҚО аумағында карантин енгізіледі. Режим елдегі ТЖ аяқталғанға дейін созылмақ. Сол уақыт аралығында облыс аумағына кіріп-шығу мүмкіндігі шектеледі. Карантин кезінде кейбір жұмыс берушілер қызметкерлерінің еңбекақысын сақтап, қашықтан жұмыс істеуге жіберуі керек. Осы ретте жедел штаб қызметін тоқтатуы тиіс кәсіпорындардың тізімін толықтырды, - дейді әкім.
Оның айтуынша, Өскемен мен Семейде енгізілген шектеулер кезінде кәсіп иелері қосымша көліктермен қамтамасыз етілген.
- Кейбір кәсіпкерлер рұқсаттаманы мақсатсыз пайдаланып жүр. Тіпті, рұқсат қағаздарының сатылғаны туралы нақты ақпараттар бар. Менің өтінішіммен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті тексеру жүргізуде. Олар рұқсат қағаздарын беруде қызметін асыра пайдаланған мемлекеттік қызметкерлердің заңсыз әрекеттерінің жолын кесіп, тиісті шараларды қабылдайды, - деді Даниал Ахметов.