Шығыс Қазақстанда ҚР Тәуелсіздігі күніне орай бірнеше білім ошағына су жаңа автокөліктер берілді. Аймақ басшысы Даниал Ахметов мектеп директорларына 22 автобустың кілтін табыстады.
ШҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қазірде өңір бойынша 193 автобус мектеп оқушыларын тасымалдаумен айналысуда. Сонымен қатар, «Мектеп автобусы» бағдарламасы бойынша автопарктер жаңартылуда.
– Еліміздің ертеңін қалайтын жасөспірімдердің сапалы білім алуы үшін қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Қазіргі күні облыс мектептерін толықтай автобустармен қамтамасыз еттік. Оның үстіне бұл өзіміздің өңірімізде құрастырылып жатқан көліктер, – деді Даниал Ахметов.
DAEWOO BSD 106 маркалы автобустары Семей қаласындағы «СемАз» көлік зауытында құрастырылған. Жолаушылар көлігі қауіпсіз тасымалдың барлық талаптарына сай келеді.