Шығыс Қазақстан облысында ЖРВИ жұқтырған бала саны 6 есеге артып отыр, деп хабарлайды Buqara тілшісі.
ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, биыл күз басталғалы бері өңір бойынша 35 483 адам жіті респираторлы вирустық инфекциямен және тұмаумен ауырған.
Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама артып отыр. Нақты айтқанда, ауруға шалдыққандар ересектер арасында 1,7 есеге, балалар арасында 6 есеге өскен.
«Бұған осы жылы ауа райының былтырғыға қарағанда әлдеқайда ерте суытуы себеп болды. Қыркүйек айынан бастап осы уақытқа дейін ауруы асқынған 282 науқас емханаға жатқызылды. Тұмаумен күресудің тиімді әдістерінің бірі – вакцина. Облыс бойынша барлығы 73 884 адам тұмауға қарсы екпе алды. Оның 10 552-і балалар, 19472-і зейнет жасындағылар. Вакцинация науқаны 15 қарашаға дейін жалғасады», - делінген ақпаратта