Шығыс Қазақстан облысында Тәуелсіздік күніне орай 500-ден астам шара өтті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
ШҚО әкімі Даниал Ахметов өңір халқын қастерлі мерекемен құттықтады.
- Құрметті жерлестер! Бүгін еліміз ең ұлық мерекелердің бірі - Тәуелсіздік күнін атап өтуде. Бұл демократиялық және экономикалық дамудың, ізгілік пен бостандықтың салтанат құруымен сипатталатын мереке. Тәуелсіздік жылдары егемендіктің көк туы биікте желбіреп, әлем таныған мемлекет құра білдік. Өткенімізді саралап, бүгінімізді бағалап, тарихымызды құрметтей білетін елміз. Сондықтан елдік пен тәуелсіздік үшін күресе білген есімдерді естен шығармауымыз қажет. Өйткені олар Қазақстанның заманауи тарихының биік тарландары. Ел дамуын одан әрі ілгерлету, азаматттардың әл-ауқатының артуы үшін бірлесіп еңбек етіп, мықты мемлекет құруға бар күш-жігерімізді жұмсаудамыз. Бұл - ортақ мақсат. Біз болашаққа сеніммен қараймыз және ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алға қойған барлық мақсат-міндеттерге қол жеткізуге дайынбыз. Барлықтарыңызды Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, бейбітшілік пен келісім тілеймін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!, - деді ол.
Өңірде рухани, мәдени-ағартушылық сипаттағы іс-шаралар өтті, сондай-ақ бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандар ашылды.
Мәселен, Күршім ауданының Жолнұсқау ауылында 50 орындық жаңа мектеп ашылды. Ескі мектептің ғимараты 1971 жылы салынған, жарты ғасырдан астам уақыт істеп тұрған бұл ғимарат апатты жағдайда деп танылған болатын. Ағымдағы жылдың сәуір айында облыстық бюджеттен жаңа заманауи мектеп салуға қаражат бөлініп, енді Жолнұсқау ауылының балалары жайлы және қауіпсіз жағдайда оқитын болады.
Сонымен қатар, "Бір қабатты Шығыс" бағдарламасы аясында Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында көпбалалы отбасыларға 14 үйдің кілті табысталды. Ауыл тұрғындары Тәуелсіздік күнін жаңа үйлерде қарсы алу мүмкіндігі үшін алғыстарын білдірді. Ал ауыл ақсақалдар жаңа қоныстанушыларға "бата" берді.
- Мен II топтағы мүгедекпін. Бүгін біз үшін өте қуанышты күн. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні біз жаңа тұрғын үйдің кілттерін алдық. ШҚО әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовтың қолдауымен "Бір қабатты Шығыс" бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында мүмкіндігі шектеулі көптеген азаматтардың арманы орындалды. Баршаңызға, сондай-ақ үй құрылысына атсалысқандарға алғыс айтқым келеді. Әр қазақстандықтың өз баспанасы болсын! Тәуелсіз Қазақстанымыз өркендей берсін!, - деді Тарбағатай ауданының тұрғыны Бақытгүл Омарова.
Мереке қарсаңында Өскеменде облыстық поэзия байқауының жеңімпаздары марапатталды. Аталған шараны Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхананың жанынан құрылған «Шабыт» ақындар мектебі мен Ұлан ауданының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырып отыр. Шараның шымылдығы Серік Ғабдуллаұлына арнау өлеңмен түрілді. Байқауға 20-ға жуық шығарма түскен.
- Ұлан ауданы - ұлылардың мекені, батырлардың бесігі. Серік Ғабдуллаұлы «Шабыт» ақындар мектебінен талай ақынды баулып, ұшырды. Бұл үрдіс бүгін де үзілген жоқ. Артында қалған шәкірттері ақындар мектібінің тынысын жалғап жатыр. Алдағы уақытта байқауды дәстүрлі түрде жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз, - дейді Ұлан ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрхат Садықов.
Шараға Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев, Өскемен қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қалқаман Сарин және Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Әскерхан Ақтай төрелік жасап, ақындарға шығармашылық табыс тіледі.
Байқаудың бірінші орнын Қызырбек Дүргінбайұлы, екінші орынды Оразай Жеңісұлы, үшінші орынды Бағжан Елсінбекқызы мен Дана Исағұлқызы, ынталандыру сыйлығын Дәулетберді Жекей мен Естай Жаңабаев иеледі. Айта кетейік, Серік Ғабдуллаұлы дүниеден озғаннан кейін, «Шабыт» ақындар мектебіне ақын Қызырбек Дүргінбайұлы жетекшілік етті. Арада бірнеше жыл өткен соң, ақындар мектебінің тізгінін айтыскер ақын Серік Қуанған алып, қайта жаңғыртты.
Мүшәйраның мақсаты – Серік Ғабдуллаұлының шығармашылығын дәріптеу болғандықтан, кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Көрмеге ақынның өлеңдері мен өмірі туралы жазылған кітаптар қойылды. Сонымен қатар «Шабыт» ақындар мектебінің жас ақындарының өлеңдері жинақталған жинақ та қойылды. Шараның соңында ақындар ақынға арналған өлеңдерін оқып, жиналған жұртты ұйытты.
Жалпы облыста Тәуелсіздік күніне орай семинарлар, дөңгелек үстелдер, қайырымдылық акциялары, көрмелер, сынып сағаттары және т. б. жалпы саны 500-ден астам шара өтті.