Балалардың көз ауруларын емдеуді ертерек бастамаса, ол асқынып кеткенде көз жанарын қалпына келтіру мүмкін емес.
Осы жылдың он айында 2599 шығысқазақстандық балаға 107 миллион теңгеден астам соманың 97 273 аппараттық көз емдеу қызметі көрсетілген. Бұл қызметтер Қор активтерінен төленді. Медициналық қызметтің бұл түрлері Өскемен қаласында екі емдеу ұйымында - облыстық ана мен бала орталығы және көз микрохирургиясы орталығында қолжетімді.
Мәселен, кішкентай пациент Оразқанов Сұлтанға көзінің қитарлығына екі кезеңмен ота жасалыпты.
«Сұлтанда орта дәрежелі миопия, дәрігердің жоғары біліктілігінің арқасында ұлымның көру қабілеті жақсарып келеді, осы бөлімшеде үнемі ем алып келеміз. Бөлімшенің барлық мамандарына кәсіби біліктіліктері мен бізге жасаған емдері мен күтімдері үшін алғысымды білдіремін», - дейді Сұлтанның анасы Айжан.
Мамандардың айтуынша, көз қитарлығы -бұл балаларда жиі кездесетін көз ақауы. Баланың келбетіндегі ақау- бұл бар болғаны косметикалық ақау, айсбергтің ұшы ғана. Аурудың негізгі қаупі - көру қабілетінің біртіндеп төмендеуі, уақыт өткізіп алса, оны ересек жаста емдеу мүмкін емес.
Кішкене бөбектерде жиі кездесетін осы аурудың пайда болуы және оны емдеу туралы көз микрохирургиясы орталығының офтальмолог- дәрігері Жаңыл Базарова айтып берді.
Дәрігер түсіндіргендей, екі көздің бір мезгілде және үйлесімді жұмысы әлемді ауқымды көруге мүмкіндік береді. Адамның көздері бір-бірінен белгілі бір қашықтықта орналасқан. Біз бір затты әр көзбен әр түрлі қырынан көреміз, ал ми бұл деректерді жинастырып, бізге бір сурет ретінде көрсетеді екен. Сонымен қатар, екі көз барлық бағытта бірдей қозғалуы керек. Ал көз қитарлығы кезінде бұл механизм бұзылғандықтан бала әлемді ауқымды емес, бір ғана тегістікте көреді.
Офтальмологтың айтуынша, аурудың себептерінің бірі –аметропия, көздің жарық сәулесінің сынуын қабылдау қабілетінің өзгеруі. Көбінесе көз қитарлығы рефракцияның ауытқуларымен байланысты болады.
Маман түсіндіргендей, көз қитарлығы ұзақ, бірнеше кезеңмен емделетін ауру (төрт-бес) және баланың қасында міндетті түрде ата-анасы болуы керек. Хирургиялық жолмен емдеу ақаудың түріне байланысты бірінші кезеңде немесе соңғы кезеңде жүргізілуі мүмкін. Алдымен оптикалық түзету тағайындалады, мысалы, көзілдірік тағу ұсынылуы мүмкін. Әрі қарай, қитар көзден миға өтетін, ұйықтап жатқан жүйке жолдарын ояту керек. Ол үшін жақсырақ көретін көзге жапсырмалар жапсырады немесе қарашықты ұлғайтатын көз тамшылары қолданылады, бұл қитар көздің жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Содан кейін офтальмолог арнайы құрал – синоптофордың көмегімен баланың миын екі көздегі суреттерді бір суретке "біріктіруге" мәжбүрлейді екен.
«Ата-аналар арасында көз қитарлығы өздігінен түзеліп кетеді деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Олай емес. Егер сіз көзі қыли ересектерді көрген болсаңыз, бұлар бала кезінде толық емделмеген жандар. Екі көздегі де қитарлықты дер кезінде емдеу жақсы нәтиже береді, баланың көздерінің қызметі қалпына келеді және ол әлемді ауқымды көреді. Баланың ағзасы әлі толық қалыптасып үлгермегендіктен, емдеуге көнеді, бір жыл ішінде көз жанарының өткірлігін барынша арттыруға болады», — дейді өз сөзінде дәрігер Жаңыл Оралханқызы.
Айтпақшы, көз микрохирургиясы орталығында осындай патологиясы бар балалар өздері тіркелген емханадан берілген жолдамамен МӘМС шеңберінде тегін аппараттық ем ала алатынын ескерткіміз келеді.
«Аппараттық емге синоптофор құралымен емдеу, компьютерлік бағдарламалар және жарықпен емдеу жатады. Он айдың ішінде біздің көз микрохирургиясы орталығы жолдама бойынша 2246 баланы қабылдады. Оның ішінде 489 балаға медициналық сақтандыру пакеті аясында тегін аппараттық ем көрсетілді», — деп толықтырды Жаңыл Оралханқызы.