Шығыс Қазақстан облысында бүгін 10 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттады, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Бүгін облыстағы 342 мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Жаңа оқу жылында 95 138 оқушы мектеп партасына отырды. Оның ішінде 10 138 бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттады.
ШҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Динара Шаухинаның айтуынша, биыл мектептерге 800-ге жуық жас ұстаз жұмысқа қабылданған.
«Өңірдегі көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың барлық балалары мектеп формасымен қамтамасыз етілген. Жалпы облыс бойынша 21 мың балаға әлеуметтік қолдау көрсетілді. Жаңа оқу жылында 83 автобус елді мекендердегі оқушыларды мектепке тасиды. Нақты айтқанда, 106 ауылдағы 1656 бала білім ордасына тасымалданады. Жыл соңына дейін тағы 11 автобус сатып алу көзделіп отыр», - деді ол.
Шығыс Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін 10 053 бала бар. Оның ішінде 7 337-сі мектеп оқушылары. Барлық мектептерде инклюзивті білім беруге жағдай жасалған.