Оқырман назарына өңіріміздегі ерекше қорғалатын қорықтар мен парктер жайлы ақпарат ұсынуды жөн көрдік.
Катонқарағай Мемлекеттік Ұлттық табиғи паркі
Катонқарағай ауданының аумағындағы ерекше қорғауға алынған аумақ. 2001 жылы құрылған парктің ауданы 643 мың гектарды құрайды. 215 мың гектар алқабын орман басып жатқан парктегі ағаш қоры – 24 мың текше метрді құрайды. Қорықтық аумағы 151 мың, ал пайдаланылатын аумағы – 492 мың гектар.
Ұлттық парктің аумағына Листвяга және Қатын жоталарының оңтүстік сілемдері, Үкөк үстіртінің батыс бөлігі және Оңтүстік Алтай, Тарбағатай, Сарымсақты жоталары енеді. Бұқтырма өзенінің аңғарын айнала қоршаған табиғи паркте альпілік тау сілемдері көп болғандықтан, альпинизммен айналысатын саяхатшылар үшін таптырмайтын жер саналатыны анық. Бұл, әсіресе, мәңгі көк мұз құрсанған Алтай тауларының ең биік шыңы Мұзтауда (Белуха) мүмкін. Сондай-ақ аталмыш табиғи парктің аумағынан Қазақстанның Қызыл кітабына енген қар барысы, тау арқары немесе тас сусары сияқты аңдарды көріп қалуыңыз да ғажап емес. Біздің заманымызға дейінгі кезеңде бой көтерген Берел қорғандары, Жібек жолының солтүстік тармағы, Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде қашалған ескі Австриялық жол мен 1938 жылы қазылған Көккөл кеніші сынды тарихи ескерткіштерді тамашалап, Көккөл, Язевая, Рахман көлдері мен сарқырамаларының мұздай суына шомылуға мүмкіндік аларыңыз анық.
Арақашықтық: Облыс орталығынан Катонқарағай ауылына дейінгі аралық шамамен 345 шақырымды құрайтындықтан, автокөлікпен 5 сағатта жетуге болады.
Қалай жетуге болады? Облыс орталығынан Өскемен-Катонқарағай бағытындағы автобуспен Катонқарағай ауылына дейін жетуге болады.
Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы
Алтай сілемдері саналатын Азу және Күршім жоталарының ортасында орналасқан Марқа көлін айнала қоршаған табиғи қорық 1976 жылы құрылған. Бастапқыда 71,3 мың гектар аумақты алған қорық 2001 жылы Үкімет қаулысымен 102,9 мың гектарға ұлғайтылды. Марқакөл қорығы – жан-жануарларларға аса бай, көркіне көз тойғысыз Оңтүстік Алтай алқабының биік таулы өңірі мен Марқа көлінің табиғатын кешенді қорғау үшін ұйымдастырылған. Марқакөл – Алтайдағы Күршім мен Азу жотасының аралығындағы терең ойпатта шалқып жатқан үлкен, мөлдір сулы, балықты көл. Оның айналасы тасты, орманды тау. Бұл көлге бірнеше өзендер мен бұлақтар, жылғалар құяды. Көлдің оңтүстік жағалауы жарқабақты, ал солтүстігі — аласа, жазықтау болып келеді. Көлге айналасындағы тау-жоталарынан ірілі-ұсақты 28 өзен құйса, одан жалғыз ғана Қалжыр өзені ағып шығады.
Теңіз деңгейінен 1,5 шақырымдық биіктікте жатқан Марқа көлінің маңында 700-ден астам өсімдік түрі өсіп, 55 түрлі жануар мен 250 түрлі құс мекендейді.
Арақашықтық: Облыс орталығынан табиғи қорықтың әкімшілігі орналасқан Күршім ауданының Ұранхай ауылына дейінгі аралық шамамен 446 шақырымды құрайтындықтан, автокөлікпен 6 сағат 30 минутта жетуге болады.
Қалай жетуге болады? Облыс орталығынан Өскемен-Күршім бағытындағы автобуспен Күршім ауылына дейін жетіп, ары қарай Ұранхай ауылына дейін жеке такси қызметіне жүгінуге болады.
Батыс Алтай мемлекеттік қорығы
1992 жылы құрылған. Көлемі 56, 3 мың гектарды құрайды. Қорық Алтайдың Қазақстан бөлігіндегі таулы аймақтарының : Ақ және Қара Үбі өзендерінің қайнар көздеріндегі Иванов, Көксін, Холзун, Линейный және Тұрғұсұн өзенінің саласы мен Борсық өңірін алып жатыр. Ақ Үбі өзені бастау алатын жерде 14 мұздық бар. Қорықтың фаунасы Батыс Алтайдың орта және биік таулы аймағына тән. Бұл жерде құстардың 200, жануарлардың 50 түрі мекендейді. Қорықты мекендейтін құстар мен жан-жануарлардың бүркіт, лашын, ителгі, үкі, қара ләйлек, ал өсімдіктердің шолпанкебіс, алтай рауағашы, семізот сияқты түрлері Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
Арақашықтық: Облыс орталығынан Риддер қаласына дейінгі аралық шамамен 128 шақырымды құрайтындықтан, автокөлікпен 2 сағатта жетесіз.
Қалай жетуге болады? Облыс орталығынан Өскемен-Риддер бағытындағы автобуспен Риддер қаласына дейін жетуге болады.
Құлынжон табиғи қорығы
Құлынжон өзенінің аңғары мен Қызылқұм құмды даласының бір бөлігінде орналасқан Құлынжон табиғи қорығы Көкпекті ауданының Самар ауылынан қашық емес. Қалба жоталарының қойнауындағы әсем аймақ Зайсан қазаншұңқырының солтүстік-батыс бөлігінде орын тепкен. 1967 жылы қыс мезгілінде еліктерді қорғау мақсатында құрылған табиғи қорық аумағы 46 мың гектарды құрайды. Жануарлардың 20, құстардың 80 түрі мекендейтін өңірде Казнаков, Қамбар-Қарасу, Чаечье сияқты ірі көлдер орналасқан.
Құм шағылдардың арасына саяхаттап келген туристер шөлейтті шығыстың барқанды даласында жүргендей әсер алады.
Арақашықтық: Облыс орталығынан Көкпекті ауданының Самар ауылына дейінгі аралық шамамен 150 шақырымды құрайтындықтан, автокөлікпен 2 сағат 30 минутта жетуге болады.
Қалай жетуге болады? Облыс орталығынан Өскемен-Күршім, Өскемен-Самар бағытындағы автобустармен Самар ауылына дейін жетіп, ары қарай жеке такси қызметіне жүгінуге болады.
Тарбағатай табиғи қорығы
Зайсан қазаншұңқырының оңтүстік-батысында 1968 жылы құрылған табиғи парктің басты мақсаты Қазақстанның Қызыл кітабына енген арқар, елік және тағы басқа бірнеше жануар түрлерін қорғау болып табылады. 1983 жылы қорық Маңырақ жотасы мен Шілікті даласына қарай көшірілді. 240 мың гектар алқапты алып жатқан табиғи қорық аумағында табиғи ескерткіш саналатын «Алаулаған адырлар» орналасқан. Топырақтың түрлі-түске: қызыл-жалқын, қызыл-қоңыр, қоңыр-жасыл түстерге орана құбылуы сонау мезозой заманындағы жылы және дымқыл климаттың әсерінен болған құбылыс. 1959 жылы бұл жерден бірінші рет динозавр жұмыртқасының қауызы, шағын динозаврлардың қаңқалары табылған. Алаулаған адырлардың шығысына таман, Сауыр жоталарының етегінде өсімдіктердің, теңіз балықтарының таңбалары мен жираф, мүйізтұмсық сияқты ерте заманғы жан-жануарлардың қаңқалары кездеседі.
Арақашықтық: Облыс орталығынан Зайсан ауданының Шілікті ауылына дейінгі аралық шамамен 480 шақырымды құрайтындықтан, автокөлікпен 6 сағат 30 минутта жетуге болады.
Қалай жетуге болады? Облыс орталығынан Өскемен-Зайсан бағытындағы автобуспен Зайсан қаласына дейін жетіп, ары қарай жеке такси қызметіне жүгінесіз.
Алакөл табиғи қорығы
Қорық 1998 жыл Алматы және Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданының аумағында ұйымдастырылып, 20 мың гектар жер бөлінді. Қорық Жоңғар Алатауы мен Алакөл көлінің Үлкен, Орта, Тасты аралдарынан бастау алатын Тентек өзенін сақтау мақсатында құрылған. Алакөлдің аралдарына Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл кітабына енген құстың сирек түрі – қарамойнақ шағаланың ұялары бар. Көлде құстар қайтатын және азықтанатын маусымда 5 миллионға дейін құс жиналады, оларды қорғауда қорықтың атқаратын қызметінің маңызы зор.
Арақашықтық: Облыс орталығынан Үржар ауданының Мақаншы ауылына дейінгі аралық шамамен 530 шақырымды құрайтындықтан, автокөлікпен 8 сағатта жетуге болады.
Қалай жетуге болады? Облыс орталығынан Өскемен-Алакөл-Барлық Арасан, Өскемен-Алакөл бағытындағы автобустармен Мақаншы ауылына дейін жетіп, ары қарай жеке такси қызметіне жүгінуге болады.
Төменгі Тұрғысын мемлекеттік табиғи қорығы
Қорық 1978 жылы Зырян ауданының Тұрғысын, Бобровка және Бұқтырма өзендері аралығында құрылды. Қорықтың жер көлемі 2200 гектар. Қорықтың құрылу мақсаты – алтай доланасы, қоңыр, селдір, тікенді итмұрын тәрізді құнды дәрілік өсімтіктерді қорғау. Бұл жерге көбінесе жеміс- жидек теруді ұнататын тұрғындар баратындықтан, аталмыш аймақ ерекше қорғауға алынды.
Арақашықтық: Облыс орталығынан Тұрғысын ауылына дейінгі аралық шамамен 150 шақырымды құрайтындықтан, автокөлікпен 2 сағат 30 минутта жетуге болады.
Қалай жетуге болады? Облыс орталығынан Өскемен-Зырян, Өскемен-Катонқарағай-Рахман қайнарлары бағытындағы автобустармен Тұрғысын ауылына дейін жетуге болады.