Бұл жолы оқырман назарына өңіріміздегі тылсымы терең тарихи жерлер жайлы айтпақпыз.
Қиын-Керіш шатқалы
Аумағы 300 гектарды құрайтын қызыл топырақты құлама жарлардан, өркештелген адырлардан, қызғылт-сары, ақ, көк және басқада сан түрлі топырақты мұнаралардан тұратын ерекше шатқал. Күршім ауданының аумағында жатқан ерекше орын Күршім ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай (Күршім-Қалжыр тас жолы бойымен) – 95 шақырымдай, Зайсан көлі мен Аманат ауылынан солтүстік-шығысқа қарай – 15 шақырымдай жерде орналасқан. Геологтар бұл жерді табиғат ескерткіші деп санайды. Бұл жерге саяхаттап келген қонақтар нағыз жатпланеталық пейзажды көреді. Мұнда әр геологиялық дәуір өз қолтаңбасын, өз бояуын қалдырып отырған. Қиын-Керіш пальмалар мен папоротниктер дәуірін, алып кесірткелер кезеңі мен мұз дәуірін бастан кешірген 60 миллиондық тарихы бар табиғат құбылысы.
Арақашықтық: Облыс орталығынан Қиын-Керіш шатқалына дейінгі аралық шамамен 185 шақырымды құрайтындықтан автокөлікпен шамамен 4 сағатта жетуге болады.
Қалай жетуге болады? Облыс орталығынан «Өскемен-Күршім» бағытындағы автобуспен Күршім ауылына дейін, ары қарай Қиын-Керіш шатқалына дейін жету үшін жеке такси қызметіне жүгінуге болады.
«Аблайкет» қамал-шіркеуі
XVII ғасырдағы Жоңғарлардың күшейтілген буддалық шіркеуі. Іргесі 1654 жылы Жоңғар хандығының тайшысы Абылайдың бұйрығымен қаланған. 1671 жылы орын алған тайпааралық күресте Ғалдан Церен жаулап алғаннан кейін бұл жер иесіз қалады. Қазіргі уақытта шіркеудің қирандылары Ұлан ауданының Алғабас ауылының маңында орналасқан. Тау ішінде орналасқан кешен бесбұрышты қалыпқа ие. Жан-жағы биіктігі 2 метрлік қоршаулармен қоршалған. Шіркеу қабырғаларын қорғау үшін салынған қос діни ғимараттың бірінен XVIIІ ғасырда моңғол тіліндегі жазбалар мен буддалық мүсіндер анықталған.
Арақашықтық: Облыс орталығынан «Аблайкет» қамал-шіркеуіне дейінгі аралық шамамен 70 шақырымды құрайтындықтан автокөлікпен шамамен 1 сағатта жетуге болады.
Қалай жетуге болады? Облыс орталығынан Алғабас ауылына дейін таксимен жетуге болады.
«Ақбауыр» мекені
«Ақбауыр» мекенінің солтүстік шекарасы Ұлан ауданының аумағындағы Сағыр бұлағының оң жағасы бойымен Ұранхай өзенінің құйылысына дейін, оңтүстік шегі— Майтбас өзенінің аңғары мен оның Ұранхай өзеніне құйылысына дейін, шығыс шекарасы Қоржынбай тауы мен Алдай шатқалы, батысы – Айыртас шоқысы мен Қарасай бұлағының Сібе өзеніне құятын жеріне дейінгі аңғардағы шатқал бойында жатыр. Аталған аумақта петроглифтері бар бірнеше жер бар. Суреттер гранит немесе сланец жыныстарда көлденең беткейде де, сондай-ақ тік беткейлерде де орналасқан. Топтасқан петроглифтер бірнеше километрге созылған үлкен аумақты алып жатыр. Техникалық суреттер қашап та, қырнап та, тіпті тырнап түсірілген. Жекелеген бейнелер, жануарлар мен антропоморфты пішіндерден тұратын көпфигуралы композициялар кездеседі.
Арақашықтық: Облыс орталығынан «Ақбауыр» мекеніне дейінгі аралық шамамен 32 шақырымды құрайтындықтан автокөлікпен шамамен 30 минутта жетуге болады.
Қалай жетуге болады? Облыс орталығынан «Өскемен-Күршім», «Өскемен-Самар» және «Өскемен-Асубұлақ» бағытындағы автобуспен Сағыр ауылына дейін жетуге болады.
Берел қорымы
Катонқарағай ауданының аумағымен ағатын Бұқтырма өзенінің оң жағалауында Берел ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 7 – 8 шақырым жерде орналасқан. Қорым солтүстігінде Берел және Бұқтырма өзендерінің қосылған жерімен, оңтүстігінде Қансу өзенімен, ал батысы мен шығысында таулармен шектелген Бұқтырма өзенінің оң жағасындағы алаңда орналасқан. Обалар Бұқтырма өзенінен 40-45 метр биік жатқан үшінші террассасында шоғырланған. Сақ және түркі кезеңдерінен қалған жетпістен астам обалардан құралған қорым 4000х1000 шаршы метр жерді алып жатыр. Берел қорымындағы обалар мен ғұрыптық ескерткіштер оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа созылып жатқан бірнеше тізбекке және жеке топтарға шоғырланған. Әрбір тізбекте бұл өңірді б.з.б. 1 мыңжылдыңтың екінші жартысында мекендеген тайпалық одақтардың өкілдері жерленген.
Арақашықтық: Облыс орталығынан Берел қорымдарына дейінгі аралық шамамен 420 шақырымды құрайтындықтан, автокөлікпен шамамен 6 сағатта жетуге болады.
Қалай жетуге болады? Облыс орталығынан «Өскемен-Катонқарағай» бағытындағы автобуспен Катоқарағай ауылына дейін, ары Берел ауылына дейін таксимен жетуге болады.
Шілікті обалары
Тарбағатай мен Маңырақ тауларының арасында, Зайсан ауданының аумағында орналасқан қорымдар. Шілікті қорымында барлығы 51 оба бар, оның бәрі де алып немесе орташа қорғандар. Алып қорғандардың диаметрі 100 метр, биіктігі 8 — 10 метр. Шілікті даласында көне мәдениеттің аса бір өркендеген уақыты б.з.д. Ι-мыңжылдыққа сәйкес келеді. Бұл кезде Шілікті даласын сақ тайпалары мекендеген. Шілікті даласында сақ-үйсін дәуірінің екі жүзден астам ескерткіштері бар. Олардың елу шақтысы патша және ақсүйек обалары.
Арақашықтық: Облыс орталығынан Шілікті қорымдарына дейінгі аралық шамамен 520 шақырымды құрайтындықтан, автокөлікпен шамамен 8 сағатта жетуге болады.
Қалай жетуге болады? Облыс орталығынан «Өскемен-Зайсан» бағытындағы автобуспен Зайсан қаласына дейін, ары қарай Шілікті ауылына дейін таксимен жетуге болады.йты