Жыл басынан бері 57 мың азаматқа базалық зейнетақы тағайындалды, жасына байланысты зейнетақы төлемдері 52 мың азаматқа рәсімделген. Жалпы елімізде зейнетақы төлемдерін 2,2 млн адам алады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Аймақтық бөліністе қарайтын болсақ, базалық зейнетақы ең көп Алматы облысында тағайындалған – 5954, екінші орында Шығыс Қазақстан облысы – 4622, ал ең аз өңір – Атырау облысы, мұнда не бары 1554 азамат биыл базалық зейнетақы ала бастаған.
– Зейнеткерлік – қарттықты әдемі қарсы алып, бос уақытты жақындарыңмен өткізуге мүмкіндік беретін шақ. Біз зейнеткерлікке шығу рәсімін барынша жеңілдетуге тырысудамыз. Бір жыл бұрын зейнеткерлікке бір өтінішпен шығуға мүмкіндік беретін композит қызметін енгіздік. Биыл ХҚО-ға бармай-ақ, смс-хабарлама арқылы зейнеткерлікті рәсімдеуге мүмкіндік беретін проактив қызметін іске қостық. Цифрлық жаңашылдықтар, осылайша, құрметті демалысқа артық қағазбастылықсыз шығуға жол ашады, – дейді филиал директоры Азамат Есембулов.
Айта кетейік, зейнеткерлік жасқа жетуіне, базалық зейнетақының төленуі мен мемлекеттік кепіл төлем жасау туралы, сондай-ақ БЖЗҚ-ға төлемдерді төлеу сияқты төрт өтініштің орнына бір ғана өтініш өткізуге мүмкіндік беретін композит қызметі 2018 жылдың қазан айында енгізілді.
Зейнет жасына толғанға дейін 10 күн бұрын болашақ зейнеткерге қызметті проактивті түрде рәсімдеуге ұсыныс білдіретін смс-хабарлама жолданатын қызмет 2019 жылдың тамызында енгізілді. Әзірге бұл қызметті мемлекеттік корпорациядан зейнеткерлікке шығатын жұмыскерлер пайдалана алады.