Шығыс Қазақстанға 5 мың дана қашықтан өлшейтін термометр жеткізілді

464
көрілім
Шартты фотосурет

ШҚО полиция қызметкерлері тұрғындардың дене қызуын тексергенде қашықтан өлшейтін термометрді пайдаланбақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұл жайлы аймақ басшысы Даниал Ахметов өзінің Facebook парақшасында жазды.

– Өңірімізге 5000 дана қашықтан өлшейтін термометр жеткізілді. Олар Өскемен мен Семейдегі кезекшілікте жүрген полиция қызметкерлеріне беріледі. Осылайша, біз көшедегі азаматтардың дене қызуын өлшейтін боламыз. Аталмыш термометрлер денеге тигізілмейді және оның еш зияны жоқ. Сондықтан тұрғындардан түсіністік танытып, полицейлердің бұл әрекетіне үрейленбеулерін сұраймын. Ірі кәсіпорындарда жұмыс істейтіндер мұндай тексерістен күн сайын өтеді. Ол адамның ыстығы көтерілгенін анықтап, жедел көмек көрсетуге мүмкіндік береді», - дейді әкім.

Оның айтуынша, бүгінде облыста 12 мың адам 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем алды. Жалпы аймақ бойынша 100 мыңнан астам өтініш келіп түскен.

– Қазпошта мен банк бөлімшелерінде қызметкерлер санын 900-ден 1500-ге дейін көбейту туралы шешім қабылдадым. Бұл халыққа уақтылы қызмет көрсету үшін қажет. Сонымен қатар барлық бөлімшелердің жұмыс уақыты кешкі сағат 21.00-ге дейін ұзартылды. Демалыс күндері де арнайы әлеуметтік есепшот ашып, жәрдемақыны алуға болады», - дейді Даниал Ахметов.