Мұқатай Әбеулов
Мұқатай Әбеулов (1917 — 1944жж.) 1917 жылы бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданының Баршатас ауылында дүниеге келген. 1941 жылдың тамыз айынан майданда болды. 152-гвардиялық жоюшы-танкке қарсы артполктің зеңбірек нысанашысы, гвардияның қатардағы жауынгері Әбеулов Венгрияны азат ету жолындағы шайқастарда көзге түсті. Жеке өзі жаудың 6 танкін, 4 БТР–ын және басқа да көптеген техникасын жойды. Ленин, I дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталды. 1944 жылғы 16 желтоқсанда Будапешт қаласынан 50 шақырым жердегі Махор елді мекені тұсында танктер шабуылын тойтару кезінде қаза тапқан. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 28сәуірдегі Жарлығымен М.Әбеуловқа қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Ізғұтты Айтықов
Ізғұтты Айтықов (1922 — 1944 жж.) 1922 жылы ШҚО, Ұлан ауданының Тарғын ауылында дүниеге келген. 1942 жылдан бастап майданда болды. Сталинград түбіндегі шайқасқа қатысты. Калинин, Курск, Белгород облыстарын азат етіп, Батыс Двина жағалауына дейін жетті. Ержүрек барлаушы Айтықов бір өзі 50 гитлершілдің көзін жойып, бөлімге 22 «тіл» жеткізді. Қызыл Жұлдыз, II, III дәрежелі Даңқ ордендерімен марапатталды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 22 шілдедегі Жарлығымен гвардия старшинасы Ізғұтты Айтықовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1944 жылы Полоцк қаласын алу кезінде қаза тапты
Қойгелді Аухадиев
Қойгелді Аухадиев (1907 — 1943) 1907 жылы бұрынғы Семей облысы, Көкпекті ауданының Өрнек ауылында дүниеге келген. Майданда 1942 жылдан бастап болды. 13-армияның 6-гвардиялық Қызылтулы атқыштар дивизиясының құрамында шайқастарға қатысты. Днепрден өткен кезде ерекше көзге түсті. Ол үш танкті атып, екі танкті өртеген, оқ-дәрі тиелген үш автомашинаны, екі өздігінен жүретін «фердинанд» қаруы мен бес станокты пулеметтің көзін жойған. 1943 жылғы 29-қыркүйектегі шайқаста ерлікпен қаза тапты. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылғы 16 қазандағы Жарлығымен гвардия кіші сержанты Қойгелді Аухадиевке қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Серікқазы Бекбосынов
Серікқазы Бекбосынов (1925 — 1977) 1925 жылы бұрынғы Семей облысы, Абай ауданының Қызылорда ауылында дүниеге келген. Майдан шебінде 1943 жылдан бастап болған. 7-армияның 99-гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында батырлықпен соғысты. Свирь өзенінен өту кезінде ерекше көзге түскен. Арасында Бекбосынов болған 12 ержүрек жауынгердің батыл іс-қимылдары арқасында Карелия майданының алға қойған тапсырма ойдағыдай орындалды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 21 маусымдағы Жарлығымен Серікқазы Бекбосыновқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Зәкәрия Белібаев
Зәкәрия Белібаев (1917 — 1982) 1917 жылы бұрынғы Семей облысы, Абай ауданының Қарауыл ауылында дүниеге келген. Майдан шебінде 1941 жылддан бастап болды. 18-ші жеке понтон-көпірлік батальонның понтоншысы. 1943 жылы Днепр өзенінен өту кезінде көзге түсті. Жараланған бөлімше командирінің орнын басқан ол өзеннің оң жағасына бірінші болып десант түсірді. Бірнеше тәулік бойы жаудың жаудырған оғына қарамастан жеке құрам мен техниканы өткізді. Ленин, II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылғы 10 қазандағы Жарлығымен аға сержант Зәкәрия Белібаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Жәнібек Елеуісов
Жәнібек Елеуісов (1925 — 1996) 1925 жылы Алтай өлкесінің Таулы Алтай автономиялық облысы Усть-Кан ауданының Тұрата ауылында дүниеге келген. 1943 жылдан бастап Воронеж майданында 6-шы гвардиялық Қызыл тулы атқыштар дивизиясының 25-ші гвардиялық полкі пулеметшілер бөлімшесінің командирі ретінде соғысқа қатысты. Десна, Днепр және Припять өзендерінен өту кезінде ерекше көзге түскен. Плацдармға ылғи да бірінші болып аяқ басып, оны ұстап тұруды қамтамасыз етіп жүрді. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылғы 16-қазандағы Жарлығымен Жәнібек Елеуісовке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Айткеш Ибраев (1924 — 1944) 1924 жылы бұрынғы Семей облысы Жаңа Семей ауданының Новобаженово ауылында дүниеге келген. Майдан шебінде 1942 жылдан бастап болған. 1264-ші атқыштар полкінің старшинасы ретінде басқарған взводы 1944 жылғы 16-шілдеде Псков облысының Янчево ауылы түбінде болған ұрыста көзге түсті. Взвод артиллеристері жаудың 19 автомашинасын өртеп, 6 зеңбірегін, 12 пулемет нүктесін құртты. Ленин, ІІ дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған. 1944 жылғы 27 қазанда Сувалки қаласының (Польша) түбіндегі шайқаста қаза тапты. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 24-наурыздағы Жарлығымен Айткеш Ибраевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Қапай Ысқақов
Қапай Ысқақов (1906 — 1973) 1906 жылы бұрынғы Семей облысы Жарма ауданының Георгиевка ауылында дүниеге келген. Майданда 1941 жылдан бастап болған. Батыс, Сталинград, 2-ші Украин майдандарындағы ұрыстарға қатысқан. 861-ші атқыштар полкінің бөлімше командирі, сержант Қапай Ысқақов 1944 жылғы 28 наурызға қараған түнде Молдаван КСР-і Петрешты ауылының түбінде жауынгерлерімен бірге күштері өздерінен басым жаудың бірнеше шабуылын тойтарады. Касель ауылының түбінде (Чехословакия) болған шайқастарда ерекше көзге түсті. Ленин орденімен марапатталған. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 13 қыркүйектегі Жарлығымен сержант Қапай Ысқақовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Махмет Қайырбаев
Махмет Қайырбаев (1925 — 1996) 1925 жылы бұрынғы Семей облысы Бесқарағай ауданының Семиярка ауылында дүниеге келген. Майданда 1943 жылдан бастап болған. Бас командование резервінің 17-ші танкіге қарсы-жойғыш жеке артбригадасының құрамында әртүрлі майдандарда шайқасқан. 1944 жылғы тамыз айында Қайырбаев бір топ жауынгерлермен бірге Шауляй қаласы маңында (Литва КСР-і) болған ұрыста көзге түсті. Ленин, Октябрь Революциясы, Александр Невский, І, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 24 наурыздағы Жарлығымен аға лейтенант Махмет Қайырбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Жанғазы Молдағалиев
Жанғазы Молдағалиев (1917 — 1943) 1917 жылы бұрынғы Семей облысы, Абай ауданының Бестамақ ауылында дүниеге келген. Майданда 1941 жылдаң бастап болған. 120 — шы гвардиялық атқыштар полкінің рота командирі, лейтенант Молдағалиев 1943 жылдың қазан айында Днепропетровск қаласының тұсында алғашқылардың қатарында Днепрден өтті. Оң жағаға жетісімен жауынгерлерді шабуылға көтеріп, жауды корғаныс шебінен қуып, плацдармды алды. 1943 жылғы қарашадағы ұрыста өз денесімен жау дзотын жауып, қаза тапты. Ленин және Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 19 – наурыздағы Жарлығымен Жанғазы Молдағалиевке қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Хамза Мұхамадиев
Хамза Мұхамадиев (1907 — 1997) 1907 жылы ШҚО, Ұлан ауданының Тарғын ауылында дүниеге келген. Майданда 1943 жылдан бастап болған. 70-ші гвардиялық Қызылтулы атқыштар дивизиясының 245-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 245-ші гвардиялық атқыштар полкі атқыштар взводы командирінің көмекшісі болып соғысты. 1943 жылдың жазында Курск иініндегі Самодуровка ауданында ұрыс жүргізген Хамза Мұхамадиев жаудың үш «жолбарысын», бес орташа танкін қиратты, 60-тан астам солдаты мен офицерінің көзін құртты. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылғы 27 тамыздағы Жарлығымен сержант Хамза Мұхамадиевке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Төлеген Тоқтаров
Төлеген Тоқтаров (1920 — 1942) 1920 жылы ШҚО Ұлан ауданының Қарақұдық ауылында дүниеге келген. 1941 жылдан бастап 8-ші гвардиялық Қызылтулы Ленин орденді Панфилов атындағы атқыштар дивизиясының құрамында болған. Москва қаласын қорғау кезінде асқан ержүректік көрсетіп, 100-ден астам гитлершілердің көзін құртты. 1942 жылдың ақпан айында Бородино селосы үшін болған ұрыста ерекше көзге түсіп, жаудың тұтас бір взводына жалғыз өзі қарсы шығып ерлікпен қаза тапты. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1942 жылғы 30-қаңтардағы Жарлығымен Төлеген Тоқтаровқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді
Кенжебек Шәкенов
Кенжебек Шәкенов (1924 — 2001 жж.) 1924 жылы бұрынғы Семей облысының Жарма ауданында дүниеге келген. Майданда 1943 жылдан бастап болған. 184-ші гвардиялық атқыштар полкінің автоматшысы, гвардияның қатардағы жауынгері Шәкенов 1943 жылдың қыркүйек айында алғашқылардың қатарында Днепр өзенінен Днепропетровск облысы Мишурин Рог ауылының тұсында жүзіп өтті. Жаудың үш шабуылына тойтарыс беріп, дұшпанның 17 солдаты мен офицерін, ірі калиберлі пулеметін жойды. Ленин, І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 22-ақпандағы Жарлығымен Кенжебек Шәкеновке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Мәлімет veteran-vko.kz сайтынан алынды