Өңірімізде көктемгі уылдырық шашу маусымына байланысты балық аулауға тыйым салынды. Бұл жөнінде 1 сәуірден бастап арнайы бұйрық шыққанын ШҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Фархат Байбазаров хабарлады.
Аталмыш бұйрыққа сәйкес балық ресурстары мен басқа да су жануарларының уылдырық шашу және көбеюі кезеңінде Зайсан көлінде және Қарақастан Баты шоқысына дейінгі Бұқтырма су қоймасының көл-өзен бөлігінде - 16 сәуірден 30 мамыр, Баты шоқысынан Бұқтырма су электр станциясына дейінгі Бұқтырма суқоймасының терең бөлігінде - 1 мамырдан 15 маусым, Шүлбі және Өскемен суқоймаларында, Өскемен су электр станциясынан Шүлбі суқоймасына дейін және Ертіс өзенінің Шүлбі су электр станциясынан Павлодар облысының әкімшілік шекарасына дейін - 10 мамырдан 10 маусым, Алакөл, Сасықкөл, Қошқаркөл көлдерінде және оларға құятын өзен сағалары мен шығанақтарында, Үржар, Бесқопа, Ырғайты, Теректі, Тентек, Қатынсу, Емел, Ұялы, Қаракөл, Жіңішкесу, Шынжылы өзендерінде - 10 сәуірден 1 маусым, сондай-ақ Аягөз өзенінде, оның жылғалары мен жайылымдарын қоса 15 сәуірден 1 маусым аралығында балық аулауға тыйым салынды.
- Бүкіл инспекторлық құрам айлық жүргізу кезеңінде өздеріне қарасты су айдындарында жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды және қадағалауды күшейтеді. Бұл жерде әсіресе облыстық инспекцияның балық шаруашылығы бөлімі, сондай-ақ Зайсан, Күршім, Көкпекті, Бұқтырма, Семей, солтүстік-шығыс Алакөл инспекциялары күшейтілген режимде жұмыс істемек, - деді Фархат Байбазаров.
Уылдырық шашу кезеңінде облыстық және аудандық инспекциялардың мамандары кәсіпшілік және әуесқой балық аулауға салынған тыйымды қатаң бақылап, әсіресе Қара Ертіс өзенінің атырауына, солтүстік батыс тыйым салынған аймағы мен Тораңғы шығанағына ерекше назар аудармақ. Бұл аралықта табиғат қорғау заңнамасының сақталуын бақылауға бағытталған рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, қорықшы қызметінің жұмыстары күшейеді.
- Аталмыш тыйым салу кезеңінде инспекциялар іс-шаралар жоспарын дайындап, автокөліктер мен суда жүзетін және навигациялық техникалардың қалыпты жағдайда тұруы қамтамасыз етіледі, - деп қосты бөлім маманы.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ
Фото: ашық дереккөз