Өскеменде өткен шара облыстық деңгейде алғаш рет қолға алынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бүгінде облыс жастарын жұмыспен қамту маңызды мәселе. Дипломдарын алса да, көңілі соққан бағытпен жүре алмағандары бар. Жәрмеңкеге оқу бітірген студенттер, колледж бітірушілері мен қала тұрғындары қатысты. Жұмыс берушілер келіп жүгінгендерден түйіндемесін алып, кейбірімен алдағы жұмыс барысын талқылап та үлгерді. Ұйымдастырушылар сөзінше, шара облыстық деңгейде тұңғыш рет өткізілді. Жалпы, осындай жәрмеңке аудандарда жыл сайын ұйымдастырылады.
Ресми статистикаға жүгінсек, облыста 11 мыннан астам жұмыссыз адам бар.
- Бүгінгі платформаға 100-ге жуық жұмыс беруші қатысты. Олар жұмыс іздеген жастарға 15000-ден астам жұмыс орнын ұсынды. Мұнда «ҮМЗ» АҚ, «Біріккен Энергетикалық компания» АҚ, «Востокцветмет» ЖШС, «Өскемен құс фабрикасы» АҚ сияқты ірі компаниялар, мемлекеттік басқару жүйесінің ұйымдары, қаржы саласы, құқық қорғау органдары, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласынан өкілдер келіп қатысты, - деді «ШҚО еңбек мобильділігі орталығы» директоры Әсел Қаербекова.
Жәрмеңкеге қатысқан Марқакөл аудандық мәслихатының төрағасы Мамырбек Қалеловтың сөзінше, осындай платформалар кадр тапшылығы байқалған уақытта көтерілген сәтті бастама. Марқакөл ауданында да әр салада мамандар жетіспейтін көрінеді. Соңғы уақытта мұнда туризмге баса мән берілуде. Кімде-кім осы салаға қызығушылық білдірсе, аудан басшылығы қабылдауға әзір.
- Жастардың көбі білікті маман иесі болуды қалайды. Бірақ барлығын басынан бастаған жөн. Өкінішке қарай, кейбірі көлеңкелі кәсіп маңына топталады. Ресми емес жалдамалы жұмыс таңдағандарды естіп-біліп жатамыз. Соған байланысты осындай жұмыспен қамту шарасын жиірек ұйымдастыруды әдетке айналдыру керек, - деді ол.
Мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға ниеттілердің бірі - Әділбек Ғазизов. Өскемендегі білім ордаларының тәмамдаған ол осы сияқты шаралар жиі ұйымдастырлса деген ұсынысын айтты.
Асинат МУРТАЗАЛИЕВА