ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада өткен салтанатты рəсімде ел тыныштығы жолында аянбай қызмет етіп келе жатқан тұлғаларға жоғары әскери, арнаулы атақ пен сыныптық шен тапсырды. Лайықты деп танылғандар арасында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы полковник Əмриев Талапкер Қыдырұлына Елбасы генерал—майор жоғарғы əскери атағын табыстады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс«өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің бастығы Бағдат Амангелдіге сілтеме жасап.
Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әскерінің кәсіби біліктілігі артқанын айта келе, оның қатарында тек лайықтылар жоғары атақтарға ие болып келе жатқанын атап өтті.
– Сіздер жауынгерлік өнегелі үрдісті, бабалардың ерлік дәстүрін жалғастырып, барлық жеке құрам үшін қалтқысыз қызметтің үлгісін көрсетіп келесіздер. Әскери дайындық деңгейінің артуы, әскердегі және құқық қорғау органдарындағы мінсіз ахуал сіздердің басшылық ету ісін сауатты жүргізулеріңізге байланысты. Күш-қуаттарыңыз, білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тәртіпті, еліміздің конституциялық құрылымын сақтауға бағытталуға тиіс. Сіздер қоғамдағы ең жауапты миссияны – қазақстандықтардың бейбіт өмірі мен тәуелсіздігіміздің құндылықтарын қорғау ісін жүзеге асырып келесіздер, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.