Өскеменде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы бұрынғы 6638 әскери бөлімі қазіргі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының құрылғанына 60 жыл толды.
1961 жылы алғаш рет ішкі және айдауылдау күзетінің 250-ші жеке дивизион болып құрылған 6638 әскери бөлімі бүгінде жарты ғасырдан астам уақытты артқа тастап, ел тыныштығы жолында қажырлы қызмет атқарып келеді. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Өскемен, Семей, Курчатов және Павлодар қалаларында орналасқан 7 бірдей әскери бөлiмдерiнiң негiзгi атқаратын міндеттері – түзеу мекемелерi мен мемлекеттік маңызды нысандарды күзету және қала көшелерiндегi қоғамдық тәртіп пен кауiпсiздiктi қадағалау. Сонымен қатар арнайы жауынгерлік тапсырмаларды орындайтын жасақтар бар.
Салтанатты кешке «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтың басшылары және Өскемен гарнизоны бойынша 3 бірдей әскери бөлімнің жеке құрамы мен 6638 әскери бөлімінің қалыптасып, дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагерлер қатысты.
1961 жылдан бастап осы уақытқа дейін әскери бөлімнің әскери қызметшілері Қазақстан Республикасы азаматтарының Конституциялық құқықтарын қорғау бойынша өздеріне жүктелген міндеттерді ар-намыспен лайықты атқарып келеді.
- 60 жыл ішінде біздің өңірлік қолбасшылық өте жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Бұл тәуелсіздікке дейінгі, кейінгі де кезеңдерді қамтиды. Осы уақыт аралығында көптеген мықты әскери қолбасшылар қызмет етті. Мәселен генерал майор Маткаримов Альберт Болатұлы, генерал майор Әміреев Талапкер Қыдырұлы сынды көптеген өнегелі азаматтар болды. Әскери бөлім құрылғаннан бері көптеген офицерлер генерал-майор жоғары әскери атағын алды, - дейді "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары полковник Берік Тоқтаров.
Сонымен қатар салтанатты шарада сөз алған «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының міндетін уақытша атқарушы полковник Жандарбек Әшірбеков барша қатысушыларды құттықтап, Ішкі істер министрінің және Ішкі істер министрінің орынбасары - Ұлттық ұлан бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың атынан, сонымен қатар «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Рүстем Ақбалиннің атынан құрметті ардагерлерге медаль тағылып, Ұлттық ұлан қызметінің үздіктері марапатталды.
- Мен 1957 жылдан қызметтемін. 66/38 әскери бөлімінде 30 жылдан астам уақыт болдым. Қазір көп нәрсе танымастай өзгерген. Дегенмен жас буынның өсіп келе жатқанына қуанамын. Бүгін 60 жылдық мерейтой тәуелсіздігіміздің 30 жылдық атаулы мерекесімен тұспа-тұс тойланып отыр. Татарстанда өмірге келіп, бүкіл ғұмырымды Қазақстанда сүрдім. Бұл менің туған жерім, - дейді ардагер Любик Чикинов.
Шара барысында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының Ардагерлер кеңесінің төрағасы Айдар Оразбаев ардақты ардагер Аза Пугачеваға Аза ҚР ІІМ Ұлттық Ұлан Ардагерлер кеңесі президиумның жарлығымен «Құрметті ардагер» төсбелгісін табыс етті.
Бағдат Амангелді,
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының
баспасөз қызметі бастығы