"Шығыс салбұрыны 2023" сайысына 600-ге жуық турист келеді деп күтіледі

232
көрілім

Үшінші жыл қатарынан Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Бозанбай ауылында 24-25 қараша күндері  "Шығыс салбұрыны -2023" бүркітшілер фестивалі өтеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мақсаты-ұлттық спорт түрлерін дамыту, халық арасында ұлттық құндылықтарды құрметтеу, патриотизмге тәрбиелеу арқылы салауатты өмір салтын насихаттау. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Қуат Оқасов мәлімдеді.
-Жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен және әлемнің бес елінен 40 бүркіт, 10 Сұңқар және 30 тазы қатысады. Сонымен қатар шараға ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы Республикалық «Қыран» федерациясы» Қоғамдық қорының вице-президенті Мүптекеқызы Бағдатхан және әлемге танымал бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы да қатысады», - деді спикер.
Екі күндік жарыс барысында қыран құсты қолға шақыру, шырғаға салу, қоянға салу, түлкіге  салу, сұңқарды кептерге салу түрлері бойынша өтеді. Тазы иттерді 1 км қашықтыққа жүгіртеді.
- Қазақстаннан және шет елдерден 600-ге жуық турист келеді деп жоспарлануда. Осы жарыстардан өзге, облыстың танымал жиһанкезі, Ұлан ауданының тумасы Мұхтар Тойбазаровтың қолдауымен қонақтарға арнап атпен серуендеу, садақ ату, бағалы сыйлықтардың ұтыс ойыны ұйымдастырылады, - деп толықтырды спикер.
Жарыс өтетін жерде, қазақ этностилінде 15 киіз үй орнатылады. Олардың әрқайсысының ішінде қазақ халқының халық қолөнері мен қолөнершілер шеберлерінің көрмесі, сондай-ақ барлық ниет білдірген қонақтарға арналған шеберлік сыныптары ұсынылады.