Шығысқа Ресейден газ тартылса, бағасы қандай болады – министр жауабы

161
көрілім
Фотосурет inbusiness.kz сайтынан

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның шығыс өңірлеріне Ресейден газ тартудың нақты жобасы қараша айында белгілі болатынын айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі, Kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.

-Шынымен де келіссөздер жүріп жатыр. QazaqGaz бен ресейлік «Газпром» компаниясының арасында келісім бар. Сіз айтып отырғандай газ құбыры бірнеше маршрутта бағытталады. Оның ішінде Астана, Семей қалалары да бар. Осы маршруттарға электр қуатын берудің техникалық-экономикалық негіздемесі қараша айында дайын болады. Осы негіздемеден кейін қай сценаримен жүретініміз туралы шешім қабылданады. Яғни, жаңа газ құбырын тартамыз ба, әлде қолда бар құбырларды кеңейту арқылы өңірлерге газ жеткіземіз бе, соны нақтылаймыз. Сондықтан осы негіздеменің қорытындысын күтейік. Ол туралы өз кезінде ақпарат береміз, - деді ол БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде.

Министр Ресейден тартылатын газдың бағасы, тарифі де осы техникалық-экономикалық негіздеме дайын болғаннан кейін нақтыланатынын айтты.

-Тариф жобаның өзіндік құнын ақтауы керек екені түсінікті шығар. Газдың бағасы келісім бойынша айқындалады. Ол Қазақстан Үкіметі мен «Газпром» арасындағы тікелей келіссөз арқылы белгіленеді, - деді Алмасадам Сәтқалиев.