Шығысқазақстандық ауыр атлет қыздар жалпыкомандалық есепте үшінші орын иеленді

886
көрілім

Жекелей жаттығулар бойынша өткен жеке-командалық ел чемпионатына жергілікті бапкерлер оң бағасын берді. Айтуларынша, кейбір спортшылар сайыс фавориттерінің ізін өкшелеп, жүлдегер атану үшін барын салған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Арли Чонтей өзінен әлдеқайда кіші Абылай Әуелхановты алға жіберді. Қоссайыс бойынша 253 келіні 112+141) еңсеріп, қоржынын күміс медальмен толықтырды. Екі дүркін Әлем чемпионы Зүлфия Чиншанло қоссайыс нәтижесі бойынша 214 келіні (92+122) көтеріп, чемпионаттың алтын медаліне ие болды. Ал шығысқазақстандық бұрымдылар арасында Екатерина Быкованың алдын орайтын ешкім табылмады. Бәсекелестік алауы тұтанды, әлбетте. Айталық, Алматы қаласының өкілі Арай Нұрлыбекова өз мүмкіндіктерін мүлт жібермей жұлқа көтеруде 219 келі, ал серпе жаттығуында 122 келіні басынан асыра көтерді. Бұл жерде жерлесіміздің серпе, ал Нұрлыбекованың жұлқа көтеруде өздерін еркін сезінетіндігін аңғару қиынға соқпады. Быкова серпе жаттығуында 127 келіні көтеріп, небәрі бір келі басымдықпен чемпионатта топ жарды. Тағы бір алтын медаль 71 келіге дейінгі дәрежеде түсуі мүмкін еді. Алайда бұл жерде де жеңімпазды бір келі анықтады. Шығысқазақстандық Дарья Павлова жұлқа көтеруде 93 келіні еңсерді. Оның алдын орап кеткен қарағандылық Айша Омарова жаттығудың екінші түрінде 119 келіні бағындырып, қоссайыс нәтижесі бойынша 210 келімен үздік шықты. Талайдан бері маңызды додаларда төбе көрсетпеген Дмитрий Каплин үнемі сайыстарда бақ сынап, оқу-жаттығу жиындарына ұдайы қатысып жүрген құрама үздіктерінің бірі – Ибрагим Берсановқа лайықты қарсылық көрсете білді.

– Егер Берсанов серпе көтеруде 202 келіні еңсере алмағанында Дима 205 келіні көтеруге әзір болды. Шыны керек, толыққанды бабына енетіндей жаттығу жасап та үлгермеді. Жасы отыздан асса да тұғырдан тая қоймаған. Кім біледі, тағы бір-екі ай әзірлік жүргізсе Берсановтан да басым түсуі мүмкін. Командаға ұпай берілетіндіктен қатысып, айтарлықтай сәтті өнер көрсетті, – деді ШҚО Ауыр атлетикадан мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебі директорының орынбасары Нұрсұлтан Хансейтов.

Жалпы сайыстың ұйымдастырылуы жөнінде бапкерлер тиімді-тиімсіз тұсын қатар айтты. Иә, ең ұтымдысы межелі уақытта әр спортшы зілтемірді қапсыра ұстап, жаттығуларын мінсіз орындауға тырысты. Реттілік, тәртіп – барлығы сақталды. Тек жарысқа келгенде делебесі қозып, бар мүмкіндігін паш етуге асыққан кейбірі бір-бірлерінің нәтижелерін көре алмай, тартысты текетірестер тіркелмеді. Алайда спортшылардың жарақат алмай, Ұлттық құрама сапындағы орнын бекіте түсулері үшін бапкерлер нұсқаған салмақты көтеру маңызды еді. Өңірдегі бірқатар жас атлеттердің томағасын сыпырып, білгенімен бөлісіп жүрген тәжірибелі бапкер Мақсат Азбаевтың сөзінше, осы жарыс барысында шығысқазақстандық қос спортшы спорт шебері нормативін орындады.

– Жарысқа барлық өңірлер қатысты. Командалық есепте шығысқазақстандық бұрымдылар үшінші, ерлер алтыншы орын иеленді. 55 келідегі Индира Чентаева мен 89 келіге дейінгі дәрежеде Олег Александров спорт шебері нормативін орындады. Жүлдегер атанбаса да үлкен спортқа деген тағы бір сенімді қадам жасады. 96 келі салмақта өз мүмкіндігін байқаған Дамир Бейсенғалиевтің аяқ алысы көңіл қуантты, – деді ол.

Чемпионаттың ерекшелігі сол, қатысушылар санына шектеу қойылды. Бапкерлер сөзінше, әр спортшының кемі 1-ші спорттық дәрежелі атағы болуы тиіс. Осыдан-ақ жеңімпаз атанып, тұғыр сатысына көтерілген жерлестеріміздің кіл мықтылар арасында жоғары нәтиже көрсеткендіктерін айта кеткен орынды. Бір алтын, екі күміс және сонша қола медаль иеленген зілтеміршілер біртіндеп келесі аламандарға әзірліктерін бастап кетті.

Әділхан ЕСІМХАНОВ