Шығысқазақстандық биологтар жақын жылдары өңірлік Қызыл кітапты жарияламақ

709
көрілім

Жергілікті халықтың табиғат – анаға деген немқұрайлылығы өңіріміздегі флора мен фауна байлығының сиректеліп, өсімдіктердің бірқатар түрлерінің құрдымға кету қаупін тудырғаны рас. Ендігі мақсат – миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан баға жетпес байлықты қолда ұстап қалу. Осы мақсаттағы жұмыстарды жандандырып, біржақты ету үшін жергілікті ғалымдар тіпті облыстың жеке Қызыл кітабын да шығармақ ниетте. Осы себепті қазіргі уақытта әртүрлі сала ғалымдарының басын қосқан арнайы комиссия жұмысын бастап та кетті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Бүгінгі таңда биолог мамандар Шығыс Қазақстанның флорасы мен фаунасының сирек кездесетін өкілдері туралы материалдарды жинақтау үстінде. Көп еңбекті талап ететін жұмыстың нәтижесінде арнайы кітап жазылып, 2020 жылға қарай өңіріміздің әр оқу орнына таратылмақ. Міне, сол кезде облыстың әр тұрғыны ерекше қорғауға алынған жан-жануар мен өсімдік түрлерін анық біліп, табиғат аясына демалуға көзіне көрінген бәйшешекті уыстап жұлып, гүл шоғын жасамайтын болады.

Қолжетімді болмады

Қазақстанда республикалық Қызыл кітаптың бар екені рас. Оның бірі жануарларға, екіншісі өсімдіктер дүниесіне арналған білдей екі кітаптан тұрады, алайда аталмыш кітаптарға әркімнің қолы жете бермейтіні бір жағында. Осы себепті, өңір табиғатына арнаған Қызыл кітапты неге шығармасқа?» деген сұрақ туындайды.

Газет редакциясына ресми хатпен жауап берген С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университеті бүгінгі таңда аталмыш жұмыстардың қолға алынғанын хабарлады. Қазіргі уақытта бұл жоба бойынша жұмыс істейтін мамандардың басын қосқан жұмыс тобы құрылып та қойған. Бұл бағыттағы жұмыстар әлдеқашан басталып кеткен. Мысалы, биология ғылымдарының докторы Анар Мырзағалиева өсімдіктердің алуан түрлілігін сақтау бойынша зерттеу жұмыстарын 20 жылдан астам уақыт бойы жүргізіп келе жатса, биология ғылымдарының кандидаты Константин Прокопов Шығыс Қазақстанның жануарлар әлемін зерттеп жүрген танымал тұлға. Аталған ғалымдар болашақ «Қызыл кітаптың» екі бөлімін шығаруға жауапты азаматтар. Университет ғалымдарымен қатар Қызыл кітапты шығаруға Алтай ботаникалық бағының қызметкерлерін де тарту жоспарда бар көрінеді.

С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың стратегиялық даму және ғылыми жұмыс бойынша проректоры Анар Мырзағалиева өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында республикалық деңгейдегі Қызыл кітаптың 1984 жылы басылып, 2015 жылы аз тиражбен қайта баспадан шыққанын тілге тиек еткен еді. Оның айтуынша, бұл кітаптар мектеп тұрмақ бейінді мамандарды оқытатын жоғарғы оқу орындарының өздеріне де жетпеген көрінеді.

Жақын жылдары жарық көреді

Қазіргі таңда биологиялық алуандылықты сақтау – шешімі кезек күттірмейтін өзекті мәселелердің бірі, – дейді ботаник мамандар. – Флора мен фауна түрлерінің азаюына әкеліп соғатын себептер әртүрлі. Олардың ішіндегі ең негізгісі – адамзат баласының келешекті ойламай, табиғат байлықтарының ысырапшылдығына жол беру заңына қарсы шығып, оның өмір-тіршілігіне араласу және нұқсан келтіру. Түрлердің құрып кетуіне заңсыз жүргізілетін аңшылық пен балық аулау, құстардың ұясын бұзу, әсемдік және дәрілік өсімдіктерді жинау түрткі болып отыр. Бұған жол бермеу үшін жергілікті тұрғындардың табиғат құндылықтарына деген көзқарасын өзгерту керек. Өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Бүкіл адамзаттың игілігі болып келетін еліміздің құндылықтарын сақтау жаңғыртудың жаңа үлгідегі негізгі шарттарының бірі болып табылады» деген еді. Түйткілді мәселелерді шешу үшін өңірлік Қызыл кітапты шығаруды жөн санадық.

Сонымен негізгі мақсаты өңіріміздегі жойылу шегіне жеткен және қорғауды қажет ететін жануарлар мен өсімдік түрлерін анықтау, есепке алу, қорғау шараларын ұсыну, насихаттау және қоғамның экологиялық мәдениеттілігін жоғарлату болып табылатын Қызыл кітап 2020 жылы жарыққа шықпақ. Кітап шығарылғаннан кейін мектептер мен жоғарғы оқу орындарына таратылып, өңіріміздегі кітапхана сөрелеріне орналаспақ.

Атын атап, түрін түстесек…

Қызыл кітаптың негізін Шығыс Қазақстан флорасының 50-ден астам түрі құрамақ, – дейді мамандар. – Өкінішке қарай, сиреп бара жатқан өсімдік санының күрт өсуіне байланысты бұл тізім жыл өткен сайын жаңаруда. Көбінесе Қызыл кітапқа пайдалы өсімдіктер енгізіледі. «Неліктен олай?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін, себебі адамдар оларды дәрілік, тағамдық, дәрумендік мақсатта қолдану үшін есепсіз жинауда. Кейбірі әсемдік түрлер болғандықтан, оларды көз қызығушылығын қанағаттандыру үшін де жұлады.

Қызыл кітапқа енген түрлердің атын атап, түсін түстер болсақ, олар – Алтай тауларының мақтанышы саналатын – Сафлор тәрізді аюдәрі (маралтамыр), қызғылт семізот (алтын тамыр), төртмүшелі семізот (щетка шөп) сынды жойылу шегіне жеткен түрлер. Бұл түрлер ықылым заманнан танымал, дәрілік қасиеті бар өсімдіктер. Адамзат олардың тамырларын дәрілік мақсатта қолданатындықтан, өсімдіктерді түгелдей қазып алып, өсімдіктер популяциясының қайта қалпына келуі үшін қажетті дарақтарды қалдырмайды. Ал тамырсабақты өсімдіктердің қайта қалпына келуі үшін кем дегенде 20-25 жыл қажет екен. Есепсіз қазылып алынған өсімдіктердің бұл түрлері қазіргі уақытта Алтай тауларының адам аяғы жетпейтін жерлерінде ғана сақталып қалған.

Сонымен қатар, көзімізге үйреншікті болып қалған бәйшешек тұқымдас гүлдердің де құрудың аз-ақ алдында тұрған өсімдіктер қатарына жататынын біреу білсе, біреу білмес. Қырқадан қар кете салысымен көкке ұмтылатын адамдар гүлдерді жұлып, гүлшоқтарын жасап жатады.

Ерте гүлдейтін өсімдіктер қатарына күлгін көк түсті қоңырау іспеттес алтайлық торсылдақты жатқызуға болады, – дейді ботаник мамандар. – Бұл өсімдіктер бас жарған уақытта тау қырқасы ашық сары түске боялып, адамның көзіне бірден түседі.

Өңірлік Қызыл кітапқа ресми түрде мойындалған жануарлар түрлері ғана емес, сондай-ақ Шығыс Қазақстанда кездесуі сирек түрлер де енгізілмек. Олардың қатарында Оңтүстік Алтайда кездесетін қар барысы және арқар, Марқакөл, Зайсан мен Алакөлді мекендейтін бірқазандар, Зайсан қазаншұңқырында тіршілік ететін Роборовский атжалманы, сары алақоржын, сальпинготус бар. Олар ландшафтың ажырамас бөлшегі, әрі көненің көзі ретінде болуымен де құнды.

***

Ғалымдар сирек кездесетін өсімдік түрлерін қорғаумен қатар, кейін оларды селекция кезінде қолданылатын құнды генетикалық қор ретінде де сақтауға жол ашпақ. Осылайша, игі бастаманың алғышарттары бар, алға қойған мақсаттары анық. Тек оны іске асыру ғана қалды. Ендеше өңірдің өсімдігі мен жан-жануарын қорғауды мақсат еткен маңызды кітаптың түр-түсін көріп, салмағын саралау ертеңгі күннің еншісінде.