Бір кездері Данабек Сужанов, Мирас Байырханов, Міржан Рақымжанов сынды гүрзі жұдырықты былғары қолғап шеберлерінің есімдері елге жайылып, республикадан ары асып құрлық, жер жаһанның бірқатар түкпіріне жайылғанын біршамасы жадынан шығарып алулары мүмкін. Жалпы бокс тақырыбына келсек, өңір көлемінде өзекті саналатын мәселелер аз емес. Тіпті соңғы уақытта ересектер арасында Азия чемпионатына жолдама алған жерлестеріміз жоқтың қасы. Қош, бұл өз алдына бір тақырып. Тілші көзқарасымен бұл жолы өңіріміздегі шоқтығы биік, шәкірттеріне бергенінен берері мол бапкерлер жайлы сөз қозғамақпыз. Спортшылардың шыңға шығуы бір бөлек, оларды сол деңгейге жеткізген жаттықтырушылар жайлы жақ ашпай жатамыз. Ендеше спортшылары байрақты бәсеке-бәйгелерде басқалардан бұрын болған бапкерлерге көз жүгіртіп өтейік.
Құрлық көлемінде көшбасшы
Қазіргі уақыт дейміз бе, әлде жастар тарапынан келіп жеткен жаңа леп дейміз бе, жасөспірімдер құрамасы соңғы уақыттары жанкүйерлер көңілін бір серпілтіп тастады. Облыс емес, еліміздің жасөспірімдер құрамасын сөз етіп отырмыз. «Аймақтан ары аттап, республикаға неге тоқталды?» деген сауал туындауы мүмкін. Мұның бәрі тақырыптан ауытқу емес, жерлесіміздің сол қызметте болуынан. Ең алдымен аягөздік Қайрат Сатжановқа тоқталайық. Қазір шәкірт тәрбиелейтін дер шағында. 2018 жылдан бастап өңірдегі олимпиадалық резерв даярлау орталығының басшысы болып, үлкен спорттың басы-қасында жүрді. Оған дейін еліміздің жасөсіпірмдер құрамасын тізгіндеген болатын. Өзіндік техникасы қалыптасып, шаршы алаңда шалт қимылдайтын спортшыларға білгенін үйретіп келе жатқанына жеті жылдан асты. Содан бері ел құрамасы құрлықтық чемпионатта командалық есепте ешкімге дес бермей келеді. Ұтылды деуге келмес, сайыс қожайындарының әзірлікті күшейтіп, әр салмақта финалға шығуға ниеттенгендері заңдылық. Айтпағымыз, 2015 жылы Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты. Дүбірлі додаға артынып-тартынып қазақстандық өрендер де барды. Маусым айының мамыражай кезі. Жарау аттай ойнақшып, жанарларынан жалын атып тұрған жерлестеріміз жеңіл салмақта алдына қара салмады. Әсіре мақтап тұрғанымыз емес, шындығы сол. Дәл сол додада көздегі жалынның жана түсуі орынды еді. Себебі ринг қожайындары – өзбек ағайындар. Бокстан 71 келі дәрежесіндегі Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбрайымовтың «Берсе қолынан, бермесе жолынан» деген жиі айтатын қағидасы бар. Солай етуге сәл-ақ қалып еді. Амал нешік, Ташкент төрінде жеке дара көш бастау мүмкін болмады. «Спортшылар сылбыр өнер көрсеткен жоқ, өзбек боксшыларының қарқыны қатты болған көрінеді». Қайрат Тұрсынханұлы бір сұхбатында осылай деген еді. Расымен де, жеңіл салмақтарда Әлібек Досанов (46 келі) пен Нысан Дәулеттің (50 келі) өнері жұрт қошеметіне лайық шықты. Қазір 69 келіге дейінгі салмақтағы Ұлттық құрама мүшесі Абылайхан Жүсіпов те жерлесіміздің тәлімін көрген. Сонымен Өзбекстан жерінде командалық есептегі бірінші-екінші орынды жарыс қожайындары мен Қайрат Сатжанов бастаған боксшыларымыз иеленді.
Сол жақта Қайрат Сатжанов, сурет m.sport.inform.kz сайтынан
Одан екі жыл бұрын Украинаның Киев қаласында өткен Әлем чемпионатында ресейліктерді ғана алға жіберіп, командалық есепте екінші орыннан көрінді. Мана айтқан Абылайхан Жүсіпов сол додада алдына жан салмаған еді. Ал соңғы жылдары құрлық деңгейінде аягөздік бапкер қоластында жаттығатын отандастарымыз нәтижесін одан әрі жақсарта түсті. 2017 жылы Филиппин жеріндегі аламанда алты алтын, екі күміс және сонша қола медаль иеленіп, ешкімге дес бермеді. Жерлесіміздің шәкірт баптау әдісіне көз жүгіртсек, өзгелерге ұқсамайтын таза боксты аңғаруға болады. Арақашықты сақтау, арагідік жан алысып, жан беріскен текетіресті сәттер, түрлі комбинациялар арқылы сериялық соққылар бағыттау – мұның барлығы ежелден қалыптасқан қазақ боксының қолтаңбасы десек артық болмас. Қайрат ағаның ұлы Бауыржан да ерекше техникасымен өңір бапкерлерінің көзіне іліккен боксшы. Облыс чемпионы. Алдағы уақытта есімі елішілік додаларда естіліп жатса үлкен қуаныш.
Орайы келсе оралмақ
Газетіміздің өткен сандарының бірінде жазған едік бұл бапкер жайлы. Ұлан ауданы Төлеке ауылының тумасы Ғани Жакупов. Тәртібі – темірдей, еңбегі – ұшан-теңіз бапкер жайлы біршама мәлімет ұсынған едік. Өз уақытында 52 келіде естен тандырар жойқын соққыға ие болған Ғани ағаның жаттықтырушы ретіндегі орны қашан да төрден көрінері сөзсіз. Шығыс Қазақстан тарихында тұңғыш КСРО чемпионын баптаған маман. «Неліктен тізімнің екінші сатысына қойылды?» десеңіздер, тәжірибелі жаттықтырушы қазір жүйелі түрде шәкірт баптауды белгілі бір уақытқа тоқтатқан сыңайлы. Өзінің сұхбатында солай деген еді. Жасы жетпістен асса да күн аралатып екі-үш шақырымды еңсеріп, дене жаттығуына үзбей келеді. Сөзіне мән берсек, «Мұрныңнан қан кетсе де, бойыңнан жан кеткен жоқ» деген тәртіпті ұстанады. Себебі 1986 жылы Таразда өткен оқу-жаттығу жиынында сан еті сүйегінен ыдырап кеткен Вячеслав Пономарев Пенза қаласындағы КСРО чемпионатында шаршы алаңда қайтпас мінез танытып, шешуші сынға дейін жеткен еді.
Ғани Жакупов
Сол кезде ауыр жарақатымен жұдырықтасып шыққан Вячеславтың ерік-жігері жайлы Ғани аға мақтанышпен ой бөліскен болатын. Жалпы Кеңес өкіметі кезінде әуесқойлар арасында Александр және Вячеслав Пономаревтер, Қайрат Байғалиев, Руслан Гусев, Азамат Жансарбаевтар кімді болсын састырып, қарсыласына рингтің төрт бұрышын түгел аралатып шыққан. Бертіндері, 2013-14 жылдары Бүкіләлемдік бокс сериясында «Astana Arlans» командасына жеңіс әперіп келген Мирас Жакупов (52 келі) пен Мирас Байырханов (73 келі) қазақ боксшыларының қашан да соққысы мығым, бокстасу мәнері өзгеше екендігін сан мәрте дәлелдеген-тін. Ғани аға ерлерді ғана емес, бұрымдыларды да жетеріне жеткізе жаттықтырып, елішілік чемпионатта үнемі жеңімпаз не жүлдегер етіп баптай білді. Зер салсақ, мұның барлығы жаттықтырушының әмбебаптығы. Республика көлемінде бірыңғай нокаутерлер баптап, шәкірттеріне қалай дұрыс тамақтану қажет екендігіне дейін жіктеп айтып берген Ғани аға мүмкіндік болса біртіндеп бапкерлікке қайта оралатынын мәлімдегені жасырын емес.
Жаңа бапкер – Жакпеков
Бұдан іле семейлік Талғат Жакпековты тізімге қоса кетуді жөн көрдік. Ермахан, Ерасыл Жакпековтердің әкесі, ШҚО Ересектер құрамасының бас бапкері. Ұлттық құрама сапында шәкірт баптап, боксшылардың халықаралық, әлемдік ареналарда абыроймен өнер көрсетуіне өзіндік үлес қосып келе жатқан маман. Бір есептен, ұлы Ермахан да жартылай ауыр салмақта Ұлттық құрама мүшесі. Будапеште өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатының финалына дейін жетіп, алтын медаль үшін болған айқаста ресейлік Жамболат Бижамовқа есе жіберді. Ол кезде 69 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен болатын. Бірі білсе, бірі білмес, жартылай финалда Тайланд елінің үздігі Пеерапат Йеасунгноенмен жолығып, бірінші раундта-ақ терең нокаутқа жіберген болатын.
Талғат Жакпеков ұлы Ермаханмен
Талғат Жакпеков 2018 жылы 6 маусымда өткен бапкерлер кеңесінде облыстың ересектер құрамасын тізгендейтін болып, салған жерден спортшылармен жан-жаққа оқу-жаттығу жиындарына шықты. Өткен жылы Қызылордада өткен V жазғы спартакиадада Талғат Жакпеков, Дастан Сақпанов және Қайрат Бөлеков баптап апарған сайыста шығысқазақстандық былғары қолғап шеберлері арасында Әділет Құрметов пен Ермахан Жакпеков күміс жүлдеге қол созса, Нығметолла Молдашев үздік үштіктен көрінген еді. Одан бөлек, өткен жылы Ақтауда өткен ересектер арасындағы ел чемпионатында 81 келі салмақ дәрежесінде Тимур Ержанов жалғыз қола медальға ие болып, қоржынға жүлде салған болатын. Семейлік бапкер жаңа қызметке дейін өңірдегі жастар құрамасын баптаған. Сол кездері жастарымыз республика көлемінде үздік нәтижелер көрсетіп жүрді.
***
Өңір көлемінде бұдан басқа есім-сойы аталмаған бірқатар бапкерлер бар. Оларды да өзгелерден кемшін деуден адамыз. Тек жоғарыдағы жерлестеріміздің бапкерлік бағыттағы жүріп өткен жолына бір шолу жасадық. Әйтпесе тәжірибелі бапкер әрі төреші Қуат Құдайбергенов әскерилер арасындағы Әлем чемпионы, Афины Олимпиадасына қатысушы семейлік Міржан Рақымжановтай техникасы мол спортшының томағасын сыпырды. Серік Өтепов, Дастан Сақпанов Әділет Шорғанов, Шалқар Байсарин, Ержан Бекішев сынды елішілік, халықаралық жарыстардың жеңімпаздарын даярлап шығарған жаттықтырушылар еңбегін де айта кеткен орынды.
Әділхан ЕСІМХАНОВ