С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да алтыншы жыл қатарынан Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті бойынша республикалық олимпиаданың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Университет ректоры Мұхтар Төлеген 2018 жылдан бері іс-шара аясында университет гранттарының сертификаттарын жеңімпаздарға жеке тапсырады. Биыл білімімен көзге түскен №1 Күршім орта мектебінің оқушысы Гүлім Идаятова мен Жамбыл мектеп-гимназия-интернатының оқушысы Мархабат Саяшова сол қуаныш иегерлері атанды.
- Мен осы оқу орнына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғаліміне түсуді армандайтынмын. Сондықтан грантты жеңіп алғаныма өте қатты қуаныштымын. Ректорға жастарға осындай қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіремін, - дейді Мархабат.
Айта кету керек, "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған байқау екі кезеңнен тұрды: эссе және ауызша тапсырма.
Жас қатысушылар КСРО еңбек сіңірген педагогының өмірбаянын, ғылыми-педагогикалық және шығармашылық еңбектерін білуде өзара бақ сынасты.