Шығысқазақстандық дзюдошылар Grand Slam бәсекесінде бақ сынайды

544
көрілім

Израиль жерінде өтетін аламанға жол тартатын дзюдошылар есімі белгілі болса да, кейбір жанкүйерлер өзге спортшылардың шықпағандықтарына қапалы, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Татами шеберлері Израильдің астанасы Тель-Авивте бас қосады. Бапкерлік құрам бұл жолы құрамаға өзгеріс енгізген. Әдетте 66 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін үржарлық Ерлан Серікжанов татамиге беттемейді. Тізімге ілінбеген екен. Оның орнына жамбылдық Данияр Шамшаев жүлде үшін талас жүргізбек.
Ал алыптар (+100 келі) текетіресінде екі бірдей жерлесіміз ел намысын қорғайды. Әлемнің кіл мықтыларына семейлік Ерасыл Қажыбаев пен Әділ Оразбаев қарсы тұрмақ. Бұрымдылар арасында 70 келіге дейінгі дәрежеде тағы бір жерлесіміз Зере Бектасқызы өз мүмкіндігін байқайды. Аталған дода ақпан айының 18-20 аралығында өтеді.
Бір айта кетерлігі, ел намысын қорғайтын 18 дзюдошының кейбірі жанкүйер үдесінен әлі шыға алмай келеді.
«Неліктен дәл осы құрам бара береді Гран-прилерге? Әлде елімізде басқа дзюдошылар жоқ па жокпа?», «Айналайындар-ау...барлығы туристер ғой», «Галбадрах кайда? Тек содан ғана әйелдер арасында жүлде күтуге болады» деген наразылықтар да жазылды ұлттық олимпиадалық комитеттің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Не де болса барлығы татамидегі текетірес кезінде белгілі болады. Алдын ала жүлдеден күдер үзу әбестік болар.