Шығысқазақстандық еркін күрес шеберлері ел чемпионатында қалай белдесті?

683
көрілім
http://static.buqara.kz/uploads/images/normal/55c1b0530df7b1f408464d54b5bbeb6f.jpg

Бүгін күрес түрлерінен өтіп жатқан ел чемпионатында грек-рим күресі шеберлері өзара мықтыны анықтауда. Әзірге шығысқазақстандық спортшылар арасында 60 келіде Ернар Фидахметов пен үржарлық Алмат Кебіспаев финалға өтті. Әрине, Кебіспаевтың өңір атынан белдеспей жүргендегіне бірнеше жылдың жүзі болды. Дегенмен бұл мақалада «классиктер» емес, чемпионатта аймақ намысын абыроймен қорғаған еркін күрес шеберлері жайлы жазылмақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Алдымен 57 келіде зайсандық Мұхаммед Балғабай мен тарбағатайлық Сұлтан Құрманалиев белдесіп, қарсыластарына есе жіберді. Бұл салмақта ақмолалық Дәулет Теміржановтың мерейі үстем болды. Күміс медаль қарағандылық Жавохир Иристаевқа, қола жүлде жамбылдық Рахат Қалжан мен шымкенттік Ғабит Төлепбайға бұйырды. Келесі болып 61 келі салмақтың мықтылары өзара шеберлік байқасты. Ақтөбелік Нұрислам Санаев алғашқы айналымда шығысқазақстандық Мұхтар Сейітовпен жолықты. Осылай жазған орынды болар. Себебі Санаевтың жетістігі мен дәрежесінен қаймыққан Сейітовті байқамадық. Ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланған ол тәжірибелі палуанды қапсыра ұстап, иіріп келіп лақтырды. Лезде жасалған әдіске ақтөбелік спортшы еш қарсылық көрсете алмай, жауырыны жер иіскеді. Дегенмен жерлесіміз жүлдеге іліге алмады. Бұйырғаны бесінші орын. Иә, бұл да жаман нәтиже емес.

Қайта жармалық Расул Қалиев үздік үштікті түйіндеп, өңір спортшыларының қоржынына алғашқы медальді әперді. Жартылай финалда 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Адлан Асқаровпен жолы түйісіп, ұпай санымен есе жіберді. Десе де кіші финалда Қалиев жинақты белдесіп, қола медальға қол жеткізді. Ал сол салмақтың шешуші сынында атыраулық Саламат Маликовтан айласын асырды. Бұдан соң 65 келіде спортшылар өзара кім мықтыны анықтап, бұл ретте қызылордалық Дәулет Ниязбековке тең келері болмады. Бұл ретте Ниязбековке жол берген жерлесіміз Олжас Олжақанов кіші финалда қостанайлық Тимур Айтқұловтың осал тұсын тауып, бапкерлер сенімін ақтап, абыройын асырды. Шәкірттерінің әр белдесуін іштей талдап, тақымын қысатын бапкері Роллан Көксегенов осы кезде Олжастың белдесуіне оң бағасын беріп, қуанышымен бөліскен еді.

Олжас Олжақанов бапкері Роллан Көксегеновпен

Тіпті белдесу кезінде тиісті нұсқаулық, бағыт беремін дауысын да қарлықтырып алған. «Дауысты жоғалтқан да шығармын, алайда соның бәрі зая кетпепті» деп, жымия жауап қатты. Жарыс жолына 70 келі салмақтағы спортшылар беттеді. Бұл жолы атырлаулық Сырбаз Талғаттың екпініне шыдас беру мүмкін болмады. Жерлестерімізге жүлде бұйырмады. Күміс медаль шымкенттік Нұржан Сейітжанға бұйырса, үздік үштікті солтүстікқазақстандық Сұлтан Бейісов пен Алматы облысының өкілі Еркебұлан Тәңірбергенов түйіндеді. Келесі болып 74 келі салмақтың үздіктері анықталды. Көпшілік Қайсанов-Қайпанов-Бекжанов үштігінің текетіресін тамашалуға асықты. Дегенмен көкпектілік палуан жарақатына байланысты жарыс жолына шықпады. Сөйтіп 74 келінің шешуші сынында Нұрғожа Қайпанов қызылордалық Қанат Мұсабековты айқын ұтып, чемпион атанды. Бекжанов қола жүлдегер. Бұдан соң шығысқазақстандық спортшылардан семейлік Азамат Дәулетбековтің айдарынан жел есті. Ұпай санын алып қарасақ, 47:0. Қарсыластарына бірде-бір ұпай бермей, қоғадай жапырды. Шешуші сында Алматы облысының өкілі Дәулетқазы Есқалиға еш мүмкіндік бермеді. Жерлестеріміздің қоржынында әзірге бір алтын және екі қола медаль. Тағы бір жүлде 92 келі салмақта Шамиль Магамадовқа бұйырды. Жас та болса Шамильдің әр белдесуінен тыңғылықты әзірлігін байқауға болады. Ал бұл салмақта маңғыстаулық Эльхан Асадов үздік шықты. Еркін күрес шеберлерінің бәсекесін риддерлік Олег Болтин жарқын белдесуімен сенімді аяқтады. Алдымен Азия чемпионы Юсуп Батырмурзавты соңғы сәттерде жеңісті жұлып әкетіп қапы қалдырса, ары қарай шешуші сынға аптықпай жетті. Ол жерде павлодардық палуан, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Дәулет Шабанбайды айқын ұттты. Болтин де, Дәулетбеков те бабында. Қорытындылай келе, жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте екінші орын иеленді. Әрине, мұндай жоғары нәтиженің артында бапкерлік құрамның ерен еңбегі жатқаны сөзсіз. Ендеше, жерлестеріміздің жеңісті жолы арта түссін дейміз!

Фотосурет Роллан Көксегеновтің жеке парақшасынан