Бұл жандар айлап, жылдап төккен терін бірнеше минутқа созылған белдесу барысында сарп қылып, бар мүмкіндіктерін паш етеді. Көпшілігінің қабағы жарылып, оқыс қимылдан соң еріндері қанап жатады. Ет қызуымен текетірес барысында бұған көңіл бөліп, «жарақат алдым» деп жатып алатындар некен-саяқ. Болса да мұндай жайттар қазақ палуандарын сырт айналып өтеді. Жаһандық жарыстардың бірінде жағы сынса да сағы сынбаған палуанның жанкештілігі жайында да сөз етпекпіз. Жалпы, қазір облыстағы грек-рим күресінің аяқ алысы қандай? Тарих қойнауына енген сәттерді қайта қазбалап, тілші көзқарасымен қазіргі уақыттағы үздік спортшылардың бірқатарына тоқталуды жөн көрдік.
Шығыс Қазақстандағы күрес дегенде салған жерден санамызға Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері, жармалық Дәулет Тұрлыхановтың жарқын белдесулері келеді. Сөзсіз, даңқты спортшының палуан ретінде де, бапкер ретінде де алар орны ерек. Күні бүгінге дейін үлкен спорттан алшақтамай, Бүкіләлемдік күрес Қауымдастығы бюросының мүшелігінде. Алдыңғы буын ағалар жолын жалғаған кейінгі буын жөнінде әлемдік аламандарда жүлдеден шет қалып, сылбыр белдесулер көрсетіп жүр деудің еш реті жоқ. Азия мен Әлем біріншіліктерінде ұдайы топ жармаса да, жауапты сәттерде жинақылық танытып, «мен, мен» деген мықтыларды жолдарынан ығыстырды.
Үздіктер қатарындағы үржарлық
Иә, Әлем чемпионатының төрт дүркін жүлдегері жайлы жиі айтылып та, жазылып та жүр. Біздің пайымымызбен мына бір екі жайт Алмат Кебіспаев хақында әттеген-ай болып тұр. Палуан қоржынында Олимпиада ойындарының ғана жүлдесі жоқ және бірнеше жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласы құрамасының намысын қорғап келеді. Жекелей алып қарасақ, әбестік санайтындай ешнәрсе жоқ. Алайда Алмат Қабдрашұлының төртжылдықтың басты бәсекесінде тұғыр сатысына көтерілу үшін айтарлықтай тәуекел етіп, адам айтса нанғысыз жанкештіліктерге барғандығын ешкім жоққа шығармас. Лондон Олимпиадасының ширек финалында ирандық Омин Норузиге жол беріп, кіші финалда жапон спортшысы Рютаро Мацумотоға есе жіберді. Жиырманың бесеуін толтырған жерлесіміз маңызды доданың медалін мойынға таға алмады. Оған дейін Мәскеу, Стамбул шаһарларында жаһандық жарыстың қоласы мен күмісін иеленгені бар. Қош. Қызу әзірлік жалғаса түсті. Араға бірнеше жыл салып, тыңғылықты әзірлікпен АҚШ-тың Лас-Вегас қаласына аттанды. Ол жерде де финалға жолдама ала алмады. Есесіне қола медаль үшін болған белдесуде белорусь азаматы Сослан Дауровты тырп еткізбей, ел қоржынына қола жүлде салады. Осыдан бір жыл бұрын жерлесіміздің жағы сынып, белдесу кезінде есінен танып қалды десек ешкім сене қоймас. Бұл 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындары еді.
– Жартылай финалда біршама тәжірибелі жапондық қарсыласпен жолықтым. Әлем чемпионы. «Бата тимей қата тиеді» демекші, бір әдіс жасауға оқтала бергенде құлап бара жатқан қарсылас басымен жағымды басып қалды. Әрі қарай қалай белдесіп шыққаным есімде жоқ. Киім ауыстыратын бөлмеде отырып түсім шығар деп ойладым. Есім кіре бастағанда жағымның қатты ауырсынып тұрғанын сездім. Сөйтсем жағым да, тісім де сыныпты. Дәрігерлер бозкілемге шығуға рұқсат етпеді, – деді спортшы.
Алмат Кебіспаев
Шешім қабылдау өз еркінде. Кіші финалда Өзбекстан елінің үздігі күтіп тұр. Кебіспаев белдесуге бекінді. Жағы сынса да, сағы сынбаған. Барынша жинақылық таныта отырып, қола медаль үшін өткен белдесуде еш мүмкіндік қалдырмады. Бұдан соң Рио Олимпиадасында қиынға түскен белдесуден кейін араға аздаған минуттар өткенде бозкілмге қайта беттеді. Норвегияның үкілеген үміті Стиг Андре Берге әлдеқайда тың көрінді. Белдесу соңына қарай әбден діңкелеген жерлесіміз тағы да бесінші орынмен шектелді. Алмат Қабдрашұлы қазір 33-те. Орда бұзар жастан асып бара жатса да үлкен спорттағы соңғы сөзін айтпады. Демек, сөзсіз, жүлде күтеміз жерлесімізден.
Қартықовтың қарқыны қатты еді
Олимпиадалық салмақтарда біршама өзгеріс болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын кіл мықтылар 75 келіге дейінгі дәрежеде өзара «қиян-кескі айқасқа» баратын. Аягөз өңірінің тумасы Досжан Қартықовтың осы салмаққа орнығып, бапкерлер мен жерлестерінің сенімін арқалағаны көпшілікке аян. Жоғарыда жазылғандай, Лас-Вегастағы Әлем чемпионатында айтарлықтай сәтті өнер көрсеткен Досжан Нұрбатырұлы 75 келіге дейінгі салмақта қола медаль еншілеп, бір жылдан кейін өтетін Рио Олимпиадасына жолдама иеленді. Сол доданың ширек финалында азуы алты қарыс ресейлік Роман Власовпен жолыққан болатын. Власовтың етбетінен жатқан қарсыласын жұлып алып, өзінен асыра лақтыратын әдісінен сыралғы қарсыластарының біршамасы сескенетін. Десе де Досжаннан ондай сезім мүлде байқалмады. Иә, жерлесіміз оған есе жібергенімен бірқатар спортсүйер қауым аягөздік палуанның аяғын төрешілер тұсаулап тастады деген де уәж қалдырды. Кім білсін… Өкініштісі сол, өзіндік белдесу мәнеріне ие спортшы Рио шаһарында тұғыр сатысынан көріне алмады. Ал қазіргі уақытта жарақатына байланысты үлкен спортпен қош айтысса да, сол саладан алыстамаған.
Құрлықта қарсылас шыдатпады
Тағы бір Үржар ауданының тумасы Ербол Қоңыратовпен спорттық шараларда жолымыз жиі түйіседі. Белдесудегі сын сағаттарда салқынқандылық таныта білетін біртоға азамат қазір Өскемен қаласының спорт ойын түрлері бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшылығында. Қала көлеміндегі теңбіл доп додаларынан шет қалған емес. Ал оның 10-12 жыл бұрынғы белдесу мәнері құрлық көлемінде көпшілігіне мәлім. Сол уақыттары 60 келіге дейінгі салмақта елішілік доданың өзі көрер көзді сүйсіндірер текетіреспен өтетін. Нұрбақыт Теңізбаев, әу баста сөз еткен Алмат Кебіспев және Ербол Азатбекұлы. Өзінің бір сұхбатында осы палуандардан Азия чемпионаты немесе халықаралық турнирлерге қайсысы барса да ел абыройын асырып қайтатындығын жеткізген еді. Сондай жауапкершіліктің бірі 2012 жылы Оңтүстік Кореяның Куми қаласында өткен Азия чемпионаты кезінде артылды. Грек-рим күресінде салмақтың көп бөлігі білек күшіне түскенімен, жерлесімізден бұл тұрғыда қиындық байқалмады. Қайта қарсыласының қолын байлап, қорғану керек болса асқан сауаттылықпен сытылып шығатын. Осының нәтижесінде жартылай финалда да, шешуші сында да ұпайдан шашау шығармай құрама қоржынына құрлықтық доданың алтынын әперді! Араға жылдар салып, талантты палуандардың бағын байламайын деп 2014 жылы үлкен спорттан кетті.
Сол жақта Алмат Кебіспаев, ортада Ербол Қоңыратов, оң жақта Қорлан Жақанша
Тұрсынов тұғырға көтерілді
Жергілікті грек-рим күресі мамандарының сөзінше, былтыр Алматыда өткен ел чемпионатынан кейін 87 келіге дейінгі дәрежеде Токио-2021 Олимпиадасында жоғары нәтиже көрсетуі мүмкін спортшының есімі анықталды. Сол бәсекеде жартылай финалда шымкенттік Элмар Укалиевті, финалда елордалық Азамат Құстыбаевты тас-талқан етіп ұтқан семейлік Нұрсұлтан Тұрсынов талай маманның жоғары бағасына ие болды. Алматы бозкілемінде бас қосқан біріншілікте осыған дейін төрт жылдан астам уақыт допинг жазасын өтеп болған семейлік Нұрсұлтан Тұрсыновтың айдарынан жел есті. 2016 жылдан 2020 жылдың 3-ші наурызына дейін бірде бір халықаралық, елішілік сайыстарда белдеспеген спортшының қарсыластарын қоғадай жапыруы бапкерімен бірлесе жаттығуын үзбегендігін аңғартады. Етбетінен жатқан спортшыны айналдыруда да, асырып лақтыруда алдына жан салмады. Қазір бұл салмақта ресейлік Давид Чакветадзе, Беларусь елінің үміті Кирилл Маскевич, украиналық Семен Новиков сынды атақ-даңқтары бір басына жетерлік палуандар бар. Сәтін салып жолдамаға иелік етсе, әрі қарай бабына еніп, бар мүмкіндігін паш етудің ауылы жақындай түсер, ИншАлла.
Қатарға қашан оралады?
Дәулет Тұрлыханов бір сұхбатында «Ағайынды Фидахметовтердің белдесулері көңіл қуантады. Тек кейде спорттық тәртіпті сақтамай жатады» деуі жаттығуда әркез жинақылық танытып, барын сала тер төгуге шақырғандай еді. Әр сайыс сайын Ернардың да, Ернұрдың да тік жүріп белдесуде ешкімге есесін жібермей, серпінмен лақтыруға оқталатындықтары анық байқалатын. Жасөспірімдер мен жастар арасында екеуі алма-кезек атой салған-ды. Алайда былтыр Алматыда өткен ел чемпионатында Ернар ауыр жарақат алып, көпшілік көңілін алаңдатты. 60 келіге дейінгі салмақта финалға қызылордалық Айдос Сұлтанғали мен семейлік Ернар Фидахметов шықты. Екеуі кезек-кезек шабуылға шығып, барынша ұпайдан шашау шығармауға тырысты. Екінші кезеңде төреші Фидахметовты бозкілемге жатқызып, Айдосқа әдіс жасауға нұсқады. Қызылордалық спортшы қапсыра ұстап өзінен асыра лақтырамын дегенде Ернардың оң аяғы қос спортшының астында қалып қойып, соңы жантүршігерлік жарақатқа әкелді. «А-а-а-а!» деп жан дауысы шыққан жерлесіміз өз бетінше тұра алмай, кейін қарсыласы көтеріп алып кілемнің шетіне әкелді. Бірнеше ай ішінде аяққа тұрып, сапқа қосылады деу қиын. Әйтсе де 60 келіге дейінгі салмақта Ернардың да, Ернұрдың да әлемдік аламандарда олжа салуына мол мүмкіндік бар.
Ернар, Ернұр Фидахметовтер
Осындай «сен тұр, мен атайын» деген спортшылардың аяқ алыстарына қарап өңірдегі грек-рим күресі тұралап тұр деу жаңсақ ұғым. Азия мен Әлем чемпионаттарында атой салудың реті болған екен, Олимпиада да үздіктер қатарынан көрінетін күн алыс емес деп сенеміз.
Әділхан ЕСІМХАНОВ