Өңірде құрамында облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы өкілдері бар жұмыс тобы кәсіпкерлер өтінішін қарады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Бизнеске жол» жобасы аясында Шемонаиха ауданына қарасты Первомайский кенті кәсіпкерлерінің өтініштері қаралды. Олар кәсіпкерлер ӘАОЖ (Әкімшілік-аумақтық объектілердің жіктеуіші) анықтамалығында аталған елді мекеннің болмауына байланысты «E-license» порталында мемлекеттік қызметтерді ала алмайтындықтарын атап өткен. Кәсіпкерлер бұл мәселе туралы бұрын «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ филиалына және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жүгінген болатын, алайда мәселе өз шешімін таппаған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы ШҚО статистика және мемлекеттік кірістер департаменттерінің, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ филиалының қатысуымен кеңес өткізді. Мәселені шешу бойынша ұсыныстар енгізіліп, соның қорытындысында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ аталған кентті ӘАОЖ анықтамалығына енгізді. Бүгінгі күні кәсіпкерлер өздеріне қажетті мемлекеттік қызметтерді кедергісіз алуда.