Жерлесіміз Нұрдәулет Бекенов Астана қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен ел чемпионатында қоржынға жүлде салып, ересектер арасындағы үздік нәтижелерінің бірін тіркеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кіл мықтылар елордада бас қосты. Алдымен грек-рим, сосын әйелдер боз кілемге беттеп, соңында еркін күрес шеберлері чемпионат көркін қыздырды. Семейлік Азамат Дәулетбеков біріншіліктен босатылып, басқа палуандарға жол ашылды. Тәжірибелі спортшы неге жарыстан шет қалды десеңіздер, Париж Олимпиадасының жолдамасын иеленіп қойған. Енді бар назары соған ауды. Ал ол белдесіп жүрген 86 келіге дейінгі салмақта батысқазақстандық Нұржан Исағалиевтің мерейі үстем болды.
Шығыс Қазақстаннан аталған додаға жол тартқан палуандардың көбіне медаль бұйырмады. Айталық, алтыннан үміттілердің бірі болған Данияр Қайсанов ширек финалда Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған Нұрқожа Қайпановқа есе жіберді. 74 келіге дейінгі салмақта 33 палуан өзара мықтыны анықтады.
Ал жеңіске деген жігер танытып, барын салған Нұрдәулет Бекенов 92 келіге дейінгі салмақта үшінші орынға ие болды. Оның жастар арасындағы жетістігі көптеген бапкерлерге белгілі. Себебі, ол 23 жасқа дейінгі палуандар арасында елішілік жарыстарда үнемі жүлде алып жүр. Былтыр ғана финалда Ризабек Айтмұханға финалда жол берді. Ризабек кейінірек Әлем чемпионы атанғаны өздеріңізге белгілі.
Ал Нұрдәулет Бекенов бұл жолы ересектер арасында жарқын белдесу көрсетіп, алғашқы айналымдарды сәтті өткізді. Десе де финалға жете алмады. Ал қола медаль үшін өткен кездесуде кілем қожайыны Нұрғали Нұрғайыпұлынан жеңісті жұлып әкетті. Соңғы жасаған әдісі 4 ұпайға бағаланып, жерлесіміз тұғыр биігіне көтерілді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ