Ақтөбе қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы ел біріншілігінің екінші күні шығысқазақстандық спортшылар үшін сәтті аяқталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бапкерлік құрам алдымен аягөздік палуанның жеңісті жолына куә болды. Мәди Жарболов, Мереке Еркешұлы, Данияр Әбілов, Ахметқали Салават, Елдос Жұманов сынды жаттықтырушылар бастап барған өрендер тыңғылықты жүргізілген әзірлік нәтижесінде тамаша нәтиже көрсетті. Аягөз ауданының тумасы Нұрсұлтан Базарбаев жолындағысын тегіс ығыстырып, финалда сайыс қожайыны Нұрболат Темірбаевтың алдын орады. Осы салмақта тағы бір Аягөз ауданының тумасы Айбек Сабырбеков үздік үштікті түйіндеді.
Бұдан соң бозкілемге 67 келіге дейінгі салмақтың мықтылары беттеді. Жерлесіміз Мадияр Мәлтекбаев пен жамбылдық Дінмұхамед Қошқар екі топта қарсыластарын бірінен соң бірін ұтып, шешуші сында жолдары түйісті. Иә, Мадиярға кадеттер арасындағы Азия чемпионына қарсы тұру оңай болмады. Тәжірибе тұрғысынан бәлендей есе жіберіп тұрған жоқ, әйтсе де белдесуді жеңіспен аяқтау мүмкін болмады. Қоржынға күміс медаль түсті. Осы салмақтың қола медальдары солтүстікқазақстандық Ярош Станислав пен шымкенттік Мамырбек Мұхамедәліге бұйырды.