Жерлестеріміз қазір Италия жерінде өтетін халықаралық сайыс пен Азия чемпионатына дайындық жүргізуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл күнде облыс жаттықтырушыларын ересектер сапында сенімді белдесіп жүрген тарбағатайлық Олжас Олжақановтың аяқ алысы қуантуда. Бұған дейін Олжастың бапкері Роллан Көксегенов семейлік Азамат Дәулетбековтың Токио-2021-ге 86 келіге дейінгі дәрежеде жолдама алу үшін барын салатынын жеткізген болатын. Одан бөлек, алдымен жасөсіпірімдер арасында құрлықтық аламанда, кейін жастар арасындағы ел чемпионатында, сондай-ақ былтыр Алматыда өткен ересектер арасындағы ел чемпионатында қола медаль иеленген шәкіртінің Италияда жалауын көтеретін рейтингілік турнирде өз мүмкіндігін байқайтынын мәлімдеді.
– Наурыз айында Италияда «Matteo Pellicone» мемориалы өтеді. Бұйырса бірқатар спортшылар сол жерде өнер көрсетеді. Сәті түсіп, мүмкіндік болса Олжас та жүлдегер атану үшін бозкілемге беттейді. Дегенмен жоспар өзгеріп, шәкіртім қатыспай жатса одан кейін де бірқатар айтулы жарыстар бар, сонда бақ сынайды, – деді Семейдегі Жақсылық Үшкемпіров атындағы Спорт академиясының жаттықтырушысы Роллан Көксегенов.
Иә, көпшілік палуандардан Дәулетбековке жүктелген жауапкершілік айрықша ауыр. Себебі, өз салмағында Олимпиада ойындарына жолдама ұтып қана қоймай, үздік үштіктен көрініп жатса жерлестерінің бөркін аспанға ататындықтарына күмән жоқ. Семейлік спортшының ол лицензияны Алматыда өтетін Азия чемпионатында иемденуіне мүмкіндігі бар.
Олжақанов пен Дәулетбековтен бөлек, риддерлік Олег Болтин, тарбағатайлық Сұлтан Құрманалиев, көкпектілік Данияр Қайсанов сынды еркін күрес шеберлері Шымкент қаласындағы оқу-жаттығу жиындарына қатысуда.