Ақтөбе қаласында грек-рим күресінен 23 жасқа дейінгі жастар арасында өткен ел чемпионатында жерлестеріміз үздік нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бәсекенің соңғы күні қоржынға үш қола медаль түсті. Жалпысында, чемпионаттың үшінші жарыс күні Алматы облысының палуандары екі алтын медаль иеленіп, жалпыкомандалық есептегі жағдайларын біршама жақсартып алды. Ал жерлестерімізден 72 келіге дейінгі дәрежеде Нұрбек Қызырбеков, 82 келіге дейінгі салмақта Ермахан Көшкінбаев және 97 келіге дейінгі дәрежеде Жақсылық Серікбосынов жүлдегерлер үштігін түйіндеді. Алтын, күміс медальдарды уыстан шығарып алды демесеңіздер бұл нәтижелердің жалпыкомандалық есепке айтарлықтай ұпай қосқандығы сөзсіз. Нәтижесінде жоғарыда аталған Алматы облысының өкілдері командалық есепте топ жарды. Екінші орынға ақтөбелік спортшылар жайғасса, шығысқазақстандық палуандар бір алтын, екі күміс және үш қола медальмен үздік үштікті түйіндеді.