Астанада жеңіл атлетикадан ел кубогі өтіп жатыр. Жарыстың алғашқы күні-ақ шығысқазақстандық спортшылар жоғары нәтижелер көрсетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әсіресе ұзындыққа секірген Варвара Дмитриеваны атап өтуге болады. Варвараның жаттығуға деген ынтасы ерекше, өте еңбекқор екені рас. Бірақ осыған дейін қатысқан бәсекелерінде жүлде алудың реті келмеген. Тек бірнеше жыл бұрын Өскеменде жабық кешенде өткен жасөспірімдер арасындағы қола жүлдесі бар.
Ересектер арасында есте қаларлық нәтижесі жайлы айту қиын еді. Бірақ дәл осы жерде бірден үздіктер қатарынан көрінді. Жүгіріп келіп, алысқа қарғығанда 5 метр 65 сантиметр көрсетті. Жеңімпаз атану үшін бұл жеткілікті еді. Аса бір жоғары нәтиже емес, бірақ өскемендік спортшының алдын орайтын ешкім болмады. Өзін өкшелеген шымкенттік Диана Төрехановадан 28 сантиметр ары секірді.
60 метрге жүгірген Андрей Лаврушенко да алдына қара салдырмады. 21 жастағы жігіт 7,2 секунд уақытымен тұғырдың ең биігінен көрінді. Бір есептен, қарағандылық Виталий Земс пен Давид Ефремовтың жарыстан шеттетілуі де бұған себеп болды.
Катонқарағайлық Айым Қайсанова қола медальға қол жеткізді. 200 метрге жүгіруде сынға түскен бұрымды 25,95 секунд уақытын көрсетіп, үздік үштікті түйіндеді.
400 метрге жүгірген Элина Михинаның жылдамдығына ешкім қарсы тұра алмады. Қарағанды жеңіл атлетика мектебінің үш бірдей өкілін озған желаяқ 55,12 секунд уақытымен жеке дара көш бастады. Айта кетейік, осы қашықтықтағы ел рекорды – 52,53 секунд. Оны да осы Михина орнатқан.