Шығысқазақстандық таеквондошы – Париж олимпиадасына қатысатын Қазақстан құрамасының ең жас спортшысы

117
көрілім
Фотосурет kazpravda.kz сайтынан

Жерлесіміз Батырхан Төлеуғали бүкіл әлем көз тіккен жарыста таеквондодан ел намысын қорғамақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 
17 жастағы спортшы Аягөз ауданының тумасы. Парижде өтетін ойындарға лицензия алған екінші шығысқазақстандық атлет 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін болады. 
Қытай еліндегі Тайань қаласында өткен лицензиялық турнирдің жартылай финалында Батырхан Сауд Арабиясының спортшысы Әли Мабрук әл-Мабрукты 2:0 есебімен жеңген еді. Оған дейін алғашқы жекпе-жегінде үндістандық Акшай Худаны айқын басымдықпен ұтты. 
- Батырханның әлеуеті барын жастар командасында жүрген кезінде-ақ байқадық. Көзінде от, кеудесінде рухы бар жігіт. Жазғы Азия ойындарына апарсақ деген ойымыз болған. Бірақ жастар құрамасымен жаттығу жиынында жүргендіктен, сәті түспей қалды. Одан бөлек, 80 келідегі спортшыларға да мүмкіндік беруді жөн көрдік. Бұған дейін қазақстандық таеквондошылар аталған салмақта Олимпиада түгілі, іріктеу турнирлеріне де қатыспапты. Таңдау жасар кезде бапкердің ішкі сезімі де әсер етті. Қанша дегенмен, қай баланың алысқа баратынын бапкер сезеді ғой. Нұрсұлтан Мамаев пен Ким Кванг Су жас таеквондошыда үміт барын байқады, – деді Қазақстан таеквондо федерациясының Бас хатшысы Олжас Бесбаев.
Бұған дейін Батырхан Төлеуғали жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қола медаль иегері атанған. Сондай-ақ ол былтырғы Қазақстан Спартакиадасының жеңімпазы.
Айта кетейік, Батырхан Төлеуғали 25 шілдеде 18 жасқа толады.