Шығысқазақстандық танымал спортшылар жайлы не білеміз?

2220
көрілім
Фотосуреттер ғаламтор беттерінен

Олимпиада ойындарының бағдарламасына әлемде бар спорттың кейбірінің енбегендігі өздеріңізге де мәлім. Мейлі, барлығы емес, әлем атлеттерінің ауаны ауған кейбір аламандар төртжылдықтың басты бәсекесінен орын алса Олимп шыңына шыққанның көкесі сонда болар ма еді? Алтай топырағында құрлықтан асып, жер жаһанның әр түкпіріне есімі танылған сақа спортшылар жетерлік. Сайт тілшісі осы уақытқа дейін спорттың әр түрінен тарихқа есімін алтын әріппен жазып, жұртшылық жадында сақталған бірқатар жерлестерімізді ұсынуға тырысты. Қамтылмаған жерлестеріміз хақында сәтін салса алда тағы бір анықтамалық мақала жарияланбақ. Сонымен назарларыңызға сонау кеңестік одақ тұсынан күні бүгінге дейін ғаламшардағы ірі додаларда атой салған 10 саңлақты ұсынбақпыз.

Ғұсман Қосанов (1935-1990 ж.ж.)

Бесқарағай ауданының тумасы. Жеңіл атлетикадан КСРО спорт шебері атанған жерлесіміз. КСРО құрамында Олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ желаяқ. Есімі облыс көлемінде жиі айтылмаса да даңқты жерлесіміздің жүлдесі үшін жыл сайын халықаралық турнирлер өткізіліп тұрады. Атын әйгілеп айтуымыздың бір себебі – Ғұсман Сыйттықұлы 1960 жылы өткен Рим Олимпиадасында 4*100 метрлік эстафета сынында күміс медаль иеленген спортшы.

Борис Александров (1955-2002 ж.ж)

1972 жылы КСРО сапында Австрияның Инсбрук қаласында өткен Қысқы Олимпиада ойындарында шайбалы хоккейден чемпион атанған спортшы. Өскемен қаласында өмірге келіп, 2002 жылы Челябі (Ресей) қаласында дүние салды. Көзі тірісінде КСРО Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанып, білікті бапкер Юрий Тарховтың қоластында талай додаларда сұрмергендер көшін бастады. Қазіргі уақытта Олимпиада чемпионының құрметіне Өскемендегі Спорт сарайының есімі берілген.

Ольга Рыпакова (1984 жылы туған)

Өскемендік спортшы үшін қазіргі ең бір қарбалас әрі жауапты сәттердің бірі. Қазақстан жеңіл атлетикасының жарық жұлдызына айналған жерлесіміз қазір Жапония елінде өтіп жатқан XXXII Жазғы Олимпиада ойындарында бақ сынауда. Нақты айтсақ, әзірге сол жаққа бейімделіп, жаттығуын пысықтауда. Бұл жолы өзінің төртінші Олимпиадасына жол тартты. Осыған дейін Пекин, Лондон және Рио қалаларындағы төртжылдықтың басты аламанында күміс, алтын және қола медаль иеленіп, бүгінде еліне тағы бір жүлде сыйлауды мақсат еткен. Облыс орталығындағы Жеңіл атлетика манежі жабық кешенде өткізілген Әлем чемпионының есімімен аталады.

Дәулет Тұрлыханов (1963 жылы туған)

Жарма ауданының Қалбатау ауылында өмірге келген даңқты палуанымыз КСРО-ның Еңбек сіңірген спорт шебері. Сонау 1988 жылы өткен Сеул Олимпиадасында жасындай жарқылдап, күміске қол созған сәті Шығыс, күллі республика жұртшылығының есінде. Одан бөлек, Барселонадағы төртжылдықтың маңызды аламанында қола, арада жыл өткен Мартиньи қаласында Әлем чемпионы атануы әр салмақта бәсекелестік алауы қызып тұрғанда көрсеткен тұрақты нәтиже десек артық айтпаспыз.

Жексен Икамбаев (1955 жылы туған)

Ұлан ауданы, Ізғұтты Айтықов ауылынан шыққан спортшы жайлы жуырда ғана газетімізде мақала жарық көрген еді. Самбо, дзюдо және қазақ күресінен КСРО спорт шебері атанған жерлесімізді даңқты десек, әбестік болмас. Табиғатынан қарапайым, болмысы біртоға азамат үлкен спортта жүргенінде жолындағысын жайпап, алынбайтын қарсыласының өзін де алып, болмаса шалып жығатын. Ұлан өңірінде Жексен Іркітбайұлының құрметіне қысқаметражды фильм түсіру де жоспарланған.

Айбек Нұғымаров (1987 жылы туған)

Қазақ күресінен мүмкін болатын жүлденің барлығын ұтқан спортшылар легі ілуде біреу шығар. Солардың бірі – Абай ауданының тумасы Айбек Нұғымаров. Алғашында «Қазақстан Барысы» турниріне 120-125 келі болып жүргенде бақ сынап, небір бұла күші бойына сыймаған қарсыластарын жолдарынан ығыстырды. Уақыт өте келе 135-140 келіге таяп, күш-қарымы толысты, тіпті Әлемнің бір емес, төрт дүркін чемпионы атанды. «Қазақстан Барысы», Азия чемпионы атанып, Әлем чемпионаты мен Әлем кубогінде атой салды. Одан бөлек, «Еуразия Барысы» халықаралық турнирінде қарсылас шақ келтірмеді.

Юлия Галышева (1992 жылы туған)

Бұл спортшының әлемдік деңгейде жүлде үшін жолында тұратын негізгі төрт қарсыласы бар. Канадалық апалы-сіңілі Лапуанттар, франциялық Перрин Лаффон және канадалық Энди Нот. Дегенмен Азия құрлығынан да қауіп күтер фристайлшылар қаулап келетіндігі рас. 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өткен Олимпиадада тұғырының 3-ші сатысына жайғасып, әлемдік спорттағы орнын айшықтаған болатын. Әлем чемпионатының бар медалін мойнына таққан атлет.

Алмат Кебіспаев (1987 жылы туған)

Үржар ауданында өмірге келген грек-рим күресінің шебері үлкен спорттағы соңғы сөзін әлі айтпады. Демек алдағы уақытта кезекті ірі додалардың бірінде өнер көрсетуі ғажап емес. Төрт бірдей Әлем чемпионатында жүлде алу екінің бірінің басына бұйыра бермейтін бақ. Тек Олимпиада ойындарының медалі мен Әлем чемпионатының алтыны ғана жетіспей тұр жерлесімізге. Орда бұзар жастан асса да құрлық көлемінде ешкімге шыдас берер емес.

Ержан Шегенов (1968 жылы туған)

Спортқа шын берілген азамат. Осыдан екі жыл бұрын ардагерлер арасындағы Әлем чемпионатында үздік нәтиже көрсетіп, шәкірт тәрбиелеуде де шашау шығармай келеді. Кикбоксингтен ел чемпионатында 17 мәрте топ жарса, Әлемде төрт рет, Азияда мәрте қарсылас шыдатпаған жойқын соққы иесі. Ұлан топырағында дүниеге келген Ержан Шегенов бокстан КСРО шебері атанып та үлгерген сақа спортшы.

Алексей Полторанин (1987 жылы туған)

Сол бір допинг дауы риддерлік танымал шаңғышының абыройын бір-ақ мезетте түсірді. Дегенмен өзі сұңғақ, бойындағы бар күшін соңына дейін сақтап бірыңғай қызыл жейде киген норвег шаңғышыларына тойтарыс берген жерлесіміз Әлем чемпионатында екі мәрте қола жүлде иеленді. Бір айта кетерлігі, Полторанин бір емес, 10, 15, 30 және 50 шақырымдарда қатар бақ сынап, жүлдегер атанған шаңғышы.

Әділхан ЕСІМХАНОВ