Облыс тарихында ауыр атлетикадан жеке-командалық чемпионат осымен үшінші рет онлайн режимінде өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Соған қарамастан біршама тәжірибелі зілтеміршілер тұғыр сатысындағы орындарынан төмендеп, жеңімпаз ретінде жаңа есімдерді естуге мәжбүр болды. Бір айта кетерлігі, биыл Қостанай облысының спортшылары бұрынғыға қарағанда едәуір қарқын қосып, бір емес, бірнеше алтын медаль иеленді. Аталған додада жерлестерімізді төмен нәтиже көрсетті десек әбестік болар. Өзгелерден оқ бойы озық шықпаса да, барлық медаль жиынтығын қоржынға салды. Көптен бері сайыстарда көрінбей кеткен Дмитрий Каплин де тәуір нәтиже көрсетіп, бапкерлер сенімін ақтай білді. Бұл атлет әсіресе 2014-2015 жылдары түрлі додаларда атой салып, небір тісқаққан зілтеміршілерге лайықты қарсылыс көрсеткен тұғын. Айталық, 2015 жылы Талдықорған қаласында өткен Спартакиадада 105 келіден жоғары салмақта қола медаль 405 (185+220) келі еншілеп, жүлделі үшінші орыннан көрінсе, араға екі ай салып, Грозный қаласында өткен Ресей Федерациясының кубогінде кіл мықтылар арасында бесінші орын иеленіп, өзінің жеке рекордын орнатты.
Ал бұл жолы шымкенттік Ибрагим Берсановты алға жіберіп, 109 келіден жоғары салмақта күміс медальді 356 (166+190) келі мойынға тақты. Дәл осы салмақта қола медаль оның командаласы Антон Еременкоға бұйырды.
Жекелей жаттығу бойынша өткен ауыр атлетикадан жеке-командалық ел чемпионатында тұғыр сатысына көтерілген жерлестеріміз:
1. Дарья Павлова 209 (93+116) келі (71 келіде үшінші орын)
2. Екатерина Быкова 220 (93+127) келі (76 келіде бірінші орын)
3. Дамир Бейсенғалиев 310 (140+170) келі (96 келіде екінші орын)
4. Дмитрий Каплин 356 (166+190) келі (+109 келіде екінші орын)
5. Антон Еременко 313 (143+170) келі (+109 келіде үшінші орын)